Алматыда сандықтар коллекциясының көрмесі өтіп жатыр
«Көненің көзі – сандық». Ол көшпенділердің тұрмыстық жиһазы ғана емес, дүниетанымдық әрі ғұрыптық мәні бар мәдени мұрасы саналады.
Алматыдағы мемлекеттік орталық музейде сандықтар коллекциясының көрмесі өтіп жатыр. Жағлан сандығы кімге арналған? Сүйектелген сандық қай өңірге тән?
Көрмеге музей қорындағы 15 сандық қойылды. Қазақ қолөнерінде сандықтар негізінен қайың және қараталдан жасалған. Олардың көптеген түрі бар. Кебеже-азық-түлік сақтауға арналған. Сырты терімен қапталып, күміс, мыс шытырларымен, қатырма ою-өрнектермен безендіріліп жасалатын сандықтың түрі жағлан деп аталады. Қыз жасауына берілетін жағланды асыл тастармен әшекейлеп, сәндеп жасайтын болған. Ал сүйектелген сандықты жасауға төрт түліктен бөлек, киіктің сүйегі де қолданылған. «Бағасы қымбат қолөнер туындысы негізінен Ақтөбе өңіріне тән», – дейді этнограф Рүстембек Шойбеков.
Рүстембек Шойбеков, этнограф:
- Үлкен сандықтар абажа, абдыра деп аталады. Оған үлкен киімдер, қыстық киімдер, тағы басқа анда-санда киетін киімдер сақталады. Сандықтың қай түрі болса да, ол сыртынан да, ішінен де ешқайда су өтпейтін және құрт-құмырсқа кірмейтін етіп, сондай жымдастырып, ағаштан жақсы қиюластырып жасаған. Оның сапалылығын тексеру үшін сандықтың ішіне су құйып көреді.
Сандықта халықтың бар қазынасы сақталған десек артық айтқандық емес. Оның ішіне бағалы дүниелер, тіпті ғұрыптық мәні бар заттар да жиналған. Сандықтың аузына көбінесе ойма құлып, кейде аспа құлып салынады.
Ғалия Теміртон, ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары:
- Мына дыбысына қарағанда ол сандықты кез келген адам аша алмайды. Өзінің иесі ғана ашпаса, дыбысынан естіліп қалады, кім не істеп жатқаны, ашылып, ашылмай жатқаны. Әрине, бұл заттарды қазақтың ұлттық кәдімгі киімдері сақталған. Осындай сандықтарда әшекейлер де сақталған. Сандықтардың негізгі мақсаты ол жай ғана зат қолдану емес. Өмірде табиғаттың көрінісінде осының бетінен көруге болады. Адамның өзінің өмірге деген сүйіспеншілігін де көруге болады.
Жастармен кездесуде қолөнер шебері Керім Ерназар сандыққа қатысты тұрмыстық ырымды еске салды. Аяғы ауыр келіннің толғағы жеңіл болсын деген ниетпен үйдегі сандықтың бетін ашып қоятын болған. Көне үй жиһаздары бүгінде қолданыстан шығып, ұмытыла бастағанымен, сандық әлі күнге дейін қыз жасауының бірі ретінде өз мәнін жоғалтқан жоқ.
Авторлары: А.Садуақас, К.Амраев.