Елдің транзиттік әлеуеті артады
Еуразиялық экономикалық одақтың транзиттік әлеуеті жылдан жылға артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Былтыр Қазақстан арқылы 200 мыңнан аса жүк көлігі өткен. Енді серіктес мемлекеттер арасындағы байланыс одан әрі дамиды. Тиісті Келісім Сенат отырысында талқыланды. Депуттардың айтуынша, ратификациялық құжаттың мақсаты – кедендік рәсімдерді оңайлатып, салаға серпіліс беруге бағытталған. Дәлірек айтсақ, транзиттік тасымалдардың шығынын азайтуға, тауарларды тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік туады. Бизнеске арналған «Кепілгерлік» институтын дамытуға да сеп береді деген сенім бар. Қаржы министрлігінің болжауынша, келісім арқылы өзге салалардың да дамуы жылдамдайды.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- 2022 жылдың қортындысы бойынша, транзиттің мөлшері 32%-ке ұлғайды. Кепілгерлік институтын ғана емес, басқа салаларды да дамытады. Жол саласын, сервис саласын және әлеуметтік салада жұмыссыздық сұрағына да қатысы бар. Сол үшін транзиттік потенциальды ұлғайту жайлы көп бастаманы іске асырсақ, басқа да, басқа да әсерін тигізеді деп ойлаймыз.