QazaqGas компаниясы қызметкерлеріне жол-көлік оқиғасының алдын алуды үйретті
Елде күніне 30-дан астам түрлі көлік апаты тіркеледі.
Өкінішке орай қара жолда күн сайын 5-6 адам ажал құшады. Полицейлер басты себебі жол жүру ережелерін сақтамағаннан дейді. Осыған орай бүгін “QazaqGaz” ұлттық компаниясы өзінің қызметкерлеріне арнап жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған шара өткізді. Ұлттық компанияға қарасты “ҚазТрансГазӨнімдері” Ақтөбе филиалы жүргізушілеріне қауіпсіздік белдігінің маңыздылығын көрсетіп, қозғалыс ережелерін еске салды.
«QazaqGaz» ұлттық компаниясының Ақтөбе өндірістік бөлімшесінде 231 маман еңбек етеді. Олардың 220-сы жүргізушілер. Мекемеге тиесілі автокөліктер күнделікті шамамен 3 мың шақырым жүріп өтеді. Сондықтан қауіпсіздік шаралары ерекше назарда. Кезекті дәріс сабағында полицейлермен кездесу ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары өздерінің тәжірибесімен бөлісті.
Ерлан Боранбаев, «Қазтрансгаз өнімдері»ЖШС Ақтөбе өндірістік филиалының бас инженері:
- Қозғалыс кезінде өзінің өміріне өзі жауапты екенін және жолаушыларына жауапты сонымен қатар басқа көліктегі адамдардың өміріне жауапты екенін көрсету, қаншалықты адамның өміріне қауіпті екенін сезіндіру басты мақсатымыз осы.
Ол үшін арнайы жаттығу құрылғысы да алынған. Көлік соқтығысы кезінде қауіпсіздік белдігінің маңыздылығын барлық жүргізуші байқап көрді. Сағатына 15 шақырым жылдамдықпен қозғалғанның өзінде орындыққа таңылмаған адамның жарақат алары сөзсіз. Тәртіп сақшылары да көлік апаты негізінен жүргізушілердің бейқамдығы мен жол жүру ережесін ескермеуінен дейді. Ақтөбе облысында жыл басынан бері тіркелген 120 жол-көлік оқиғасында 26 жан қаза болып, 165 адам түрлі жарақат алған.
Асылхан Бекбосынов, Ақтөбе облыстық ПД жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы:
- Жүргізушілердің жылдамдықты сақтамауынан болып тұр. 67 жол-көлік оқиғасында 13 адам қаза болып, 95 адам жарақат алды. Қарсы бағытқа шығу, осы мына белдік тақпау себептерінен 8 жол-көлік оқимғасынан 5 адам қаза болып, 13 адам әртүрлі дене жарақатын алып тұр.
Мұндай танымдық сағаттардың әсіресе жаңадан қосылған жұмысшылар үшін маңызы зор. Сондықтан алдағы уақытта компанияның өзге де бөлімшелерінде өтеді.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов