Ақтөбе облысының әкімі халық алдында есеп берді

Ақтөбе – еліміздегі ең ірі облыстардың бірі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солтүстігінде Ресеймен, оңтүстігінде Өзбекстан және батысы мен шығысында 6 бірдей облыспен шектеседі. Өңірдің транзиттік әлеуеті зор. Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық бағыты бойында орналасқан 9 жолдың торабы.

Алайда сапасы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесі небары 72%. Жағдайды дұрыстау үшін биыл 50 млрд 500 млн теңгеге 848 шақырым жол жөнделеді. Бұл туралы облыс әкімі Ералы Тоғжанов халық алдында есеп беру жиынында айтты. Өңір басшысы өзге де салаларға тоқталды.

Биыл Ақтөбе облысында шағын және орта бизнес үлесі 22,2%-ке өсіп, кәсіпорындар саны 96 мыңға жуықтады. Осы жылы 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылға дейін 7 мың 300-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 16 маңызды жоба іске асырылады.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:

- 420 млрд теңгені құрайтын теміржол кластерін құру жоспарланып отыр. Оның аясында елімізде алғашқы болаттың арнайы маркаларын шығаратын кәсіпорын бой көтереді. Ақтөбеде құны 23,5 млрд тг құрайтын битум зауытын іске асыратын боламыз.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мал мен құс санын арттыру мақсатында Ақтөбе облысы республикада бірінші болып «Ауыл аманаты» жобасын бастады. 30 жыл ішінде алғаш рет 12 ауданның 134 ауылдық округіне скрининг жүргізіліп, әр округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары әзірленді.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:

- Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» жобасы аясында 6,5 млрд тг бөлінді. Қазіргі уақыттың өзінде 2,5% несие беру бойынша 3 мыңнан астам қамтитын 776 отбасының жобасы мақұлданды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2 жыл ішінде 29 ауылда заманауи денсаулық сақтау нысандары салынады. Қазір 4 мың оқушыға арналған 18 мектеп құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңында 12 елді мекенге табиғи газ тартылады. Қазіргі таңда өңірді газдандыру көрсеткіші – 94,4%.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрғали Мамурбаев.