Huawei компаниясы «Қазақстан темір жолының» жұмысына көмектеседі

Хуавей «Қазақстан темір жолы» компаниясына жұмыс тиімділігін арттыруға көмектеседі.

Тараптар бұлтты технологияларды бірлесіп дамытуға, тіпті жасанды интеллект енгізуге келісті. 

Қазақстандық және қытайлық әріптестер мұны тарихи сәт деп атады. Huawei мен «Қазақстан темір жолы» арасында бірлескен келісімге қол қойылды. Бұл құжат біздегі ұлттық компанияның ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. 

Чжао Сюй, Huawei Technologies Kazakhstan бас директоры:

- Стратегиялық келісім аясында біз теміржол жүйесін интеллектуалды негізде дамытамыз. Жаңа жүйе енгізіп, бұлтты технологияны және жасанды интеллекті қолданамыз. Біз «Қазақстан темір жолын» цифрлық трансформацияның эталонына айналдырғымыз келеді.

Huawei біздің нарықта 1998 жылдан бері жұмыс істейді. Компания өкілдері серіктестік үшін Қазақстан тартымды мемлекет дейді. Сондықтан біздің елмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. 

Чжао Сюй, Huawei Technologies Kazakhstan бас директоры:

- Компания басшылығы жергілікті ақпараттық-телекоммуникация мамандарын оқытып, олардың біліктілігін арттыруға ниетті. Бұл шешім Қазақстанда экономикалық өсу мен өркендеуді қамтамасыз ететін жаңа буынды даярлауға көмектеседі.

Қазақстанның Еуразияда орталық цифрлық хабқа айналуға барлық мүмкіндігі бар. Бас директор осылай дейді. Ал Сианьда қол қойылған құжат сол мақсатқа жетуге негіз болмақ.  

Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев, Дулат Ентебеков