Сингапурден елімізге тартылған инвестиция 6 есеге артты
Сингапур Президенті Халима Якобтың елге жасаған сапары аясында жалпы құны 275 млн доллар болтын 12 құжатқа қол қойылды.
Келісімдердің басым бөлігі бүгін Астанада өткен бизнес форумда жасалды. Шараға Халима Якоб пен Үкімет басшысы қатысты. Әлихан Смайылов екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 65 пайызға өсіп, 2 млрд долларға дейін жеткендігін айтты. Сингапур Қазақстан экономикасына 1,1 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйған. Осылайша Оңтүстік Шығыс Азия елдері арасында елге ең көп шетелдік қаражат тартылған мемлекеттердің көшбасында тұр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Былтыр сингапурлық инвестициялар 6 есеге өсіп, рекордтық 400 млн долларға жетті. Бүгінде Қазақстанда 230-ға жуық сингапурлық және бірлескен компаниялар жұмыс істейді. Біздің экономикалық байланысымызды одан әрі арттыра алатын әлеуетіміз бар. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану қажет. Қазір сингапурлық компаниялар біздің елімізде өз бизнестерін кеңейтіп жатыр.
G4 City арнайы экономикалық аймағын құру
Бүгінгі бизнес форум аясында Caspian Group пен сингапурлық «Surbana Jurong» компаниясы арасындағы келісімге қол қойылды. Құжат аясында Алматы облысында G4 City ірі жобасы жүзеге асырылады. Яғни, арнайы экономикалық аймақ құрылады. Жоба 2048 жылға дейін толық жүзеге асырылады деп жоспарланған. Нысанның жалпы аумағы 30 мың гектар. Алдағы 25 жылда бұл аймаққа 3,7 трлн теңге инвестиция тартылып, құны 17 трлн теңгеден асатын тауар шығару көзделген. Бұдан бөлек 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылатын болады.
Рустам Исатаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
- Surbana Jurong ол әлемге атақты компания. Әлемде атақты дизайнерлік компаниялар арасында былтыр 13-орын алды. Қазір 40 елде жұмыс істейді. Қытайдағы индустриялдық аймақты құруға көмектескен.