Елімізде жұмыс істейтіндердің 17%-інде кәсіби білім жоқ
Елде жұмыспен қамтылғандардың шамамен 17 пайызында кәсіптік білім жоқ.
Мұны Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің көшпелі отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты. Бүгінде еңбек нарығында қордаланған мәселе көп. Жұмыс берушілер қызметкерлерінің біліктілігін уақытылы арттырмайды. Кадр дайындау деңгейі төмен. Түлектердің шамамен 40 пайызы оқу бітіргенімен жұмыс таппайды. Ал колледжден қанат қаққандардың 49 пайызы мамандық бойынша жұмыс істемейді. Алтай Көлгінов «кәсіби мамандар даярлау үшін кәсіби стандарттар қажет» деді.
Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Бүгінгі таңда еңбек нарығында өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың 32 пайызы тек мектепте алған білімімен ғана шектелген. Бұл деңгей негізінен ауылдық жерлерде байқалады. Ол өнімділіктің, инновациялық технологияларды енгізудің және болашақта саланы дамытудың төмен дәрежесіне әкеп соғады. Жұмыспен қамтылғандардың шамамен 17 пайызының және жұмыссыздардың 21 пайызының кәсіптік білім жоқ.