Үкімет басшысы кәсіпкерлермен кездесті

Орта бизнес өкілдері мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде қолдауды сезінуге тиіс.

Премьер-министр облыстардан келген кәсіпкерлермен кездесуде осылай деді. Жиында Әлихан Смайылов, бизнестегі инфрақұрылымды жаңғырту, мұнай-газ машинасын жасауда импортты алмастыру және батыс өңірлердің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін арттыру керектігін айтты. Кәсіпкерлер түйе шаруашылығы мен фармацевтика өнімдерінің көлемін ұлғайту секілді өзекті мәселелерді көтерді.

Үкімет басшысының айтуынша, кейінгі 3 жылда Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда өңірлерінде 59 мыңнан астам бизнес жобасы мемлекеттің қолдауына ие болған. 1,5 триллион теңгеге 28 мың жоба субсидияланды. Оның ішінде орта бизнеске бөлінген жалпы сома – 406 миллиард теңге. Бұл қаржыға 2,5 мыңнан астам жоба қолдау алған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Әр әкімшіліктің алаңында бизнестің мәселелерін шешу бойынша жүйелі кездесулер өткізу керек. Бизнес мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде мемлекеттің қолдауын сезінуі керек. Қолдау шалараы негізінен өндірісті ұлғайту, жаңа өнім шығару, жаңа технология енгізу критерийлері бойынша ұсынылуы тиіс. Үкімет әрқашан бизнеспен диалогқа ашық екенін және еліміздің дамуына ықпал ететін қолдау көрсетуге дайын екенін атап өткім келеді.

Мағжан Ерғалиев, «МАҒЖАН И К» ЖШС директоры:

- Қызылорда облысынан келіп жатырмыз. Ауыл шаруашылық саласында күріш егумен айналысамыз. Қазіргі таңда су тапшылығы туындап жатқаннан кейін басқа да бақша дақылдары, оның ішінде асқабақ, қауын қарбыз егу мәселелері, соны егетін фермаларға жеңілдіктер беру мәселесі қарастырылды. Біз өзіміздің жауабымызды таптық.