Алматыда Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығы ашылды
Бұл орталық аймақтағы 9 елде, атап айтсақ, Армения, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанда Халықаралық валюта қорының қызметін үйлестіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Іс-шараға Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, қордың Басқарушы директоры Кристалина Георгиева және қаржы ұйымдары мен дипломатиялық миссиялардың басшылары қатысты.
Өңірлік орталық құзыретті жетілдіруге, тәжірибе алмасып, бюджет пен ақша-кредит саясаты, қаржы секторын дамыту саласындағы әлемдік озық тәжірибелерді зерделеуге атсалысады. Мұндай өңірлік орталықты Алматыда ашу – Қазақстан мен Халықаралық валюта қорының арасындағы көпжылдық ынтымақтастықтың жемісі. Алматыдағы кеңсе – Халықаралық валюта қорының әлемдегі әлеуетін дамытатын 17-ші орталығы.