Алматыда бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтіп жатыр
Алматыда MEDEU - CAREER DAY деген тақырыппен жұмыс орындар жәрмеңкесі өтіп жатыр.
Оған 200-ден астам компания, 40-тан астам жоғары оқу орны мен колледж мамандары қатысты. Олар жастарға кәсіптік бағдар мен мамандық таңдау бойынша кеңес берді. Мұндай іс-шара мегаполисте жылына екі рет ұйымдастырылады.
Алматының орталық саябағында ұйымдастырылған шараға төрт жүзден астам адам келді. Олардың басым бөлігі жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері. Сондай-ақ, жұмыссыз жүрген жастар да осыннан табылды. Осы істің басы-қасында жүргендердің жоспары ауқымды. Жыл соңына дейін 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтимыз,-деп отыр. Осыған байланысты бірнеше құрылымның басын біріктіретін мансап орталығы іске қосылған.
Әзиз Қажданбек, жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары:
- Одан басқа, біздің цифровизация басқармасымен бірігіп, біз «job fair 365» еңбек платформасын жүзеге асырдық. Ол платформаның ең басты мақсаты ол жастарға біріккен платформада жұмысқа тұруға да, курсқа жазылуға да, маңызды жастардың сұрақтары бойынша ақпарат алуға мүмкіндігі болады.
Мамандар түлектерге жоғары оқу орындарын таңдауға көмектесіп, жұмыс іздеп келгендерге бос орындар ұсынды. IT, маркетинг сияқты сала қызметкерлері сол жерде жастармен әңгімелесіп сауалнама жүргізіп, қай салаға бейім екендігін байқап көрді. Қызығушылық танытқандарын кәсіптік білім алуға, содан кейін тағылымдамадан өтуге шақырды.
Алтынгүл Өмірзақова, компанияның HR менеджері:
- Біз екінші рет қатысып жатырмыз. Біз қазіргі таңда компаниямыз шет елге оқуға түсіруге дайындалады. Қазіргі таңда біздің компанияға сату мамандары керек. Осыған дейін өткізген іс-шара бойынша сату мамандарынан 4-5 мамандарды таптық. 1 IELTS мұғалімін таптық.
Бүгінгі таңда NEET санаты бойынша жұмыста да, оқуда да жоқ жастардың үлесі 8 проценттен асады. Яғни осы топқа жататын 53 мыңнан астам жас бар. Дегенмен, Алматыда алдағы екі жылда бұл көрсеткішті азайту жоспарланып отыр. Жәрмеңке болса, осы айдың соңына дейін қаланың барлық аудандарында өтеді.
Қарлығаш Қайыпбекова, Наргиза Тәкежанова, Валентин Лобанов