БҚО-да көкөніс аз өсіріліп жүр
Орал өңірінде көкөніс өсіру кенжелеп тұр.
Батыс қазақстандықтар жылына 64 мың тонна картоп тұтынатын болса, соның 90% ғана жергілікті өнім. Ал қажетті сәбіз бен қырыққабаттың тең жартысы шеттен тасымалданады. Облыс диқандары осы олқылықтың орнын таяу жылдары толтырамыз дейді.
Бөрлі ауданындағы бұл серіктестік биыл 900 гектар жерге дәнді дақылдар ексе, 65 гектарға картоп, 10 гектарға сәбіз отырғызыпты. Құнарлы топыраққа түскен тұқым қазір жапырақ жайып қалған. Жаңа техникалар тіршілік нәрін төңірекке жаңбырлатып жүр.
Жоламан Өмірзақ, серіктестік жетекшісі:
- Біздер жаңадан европалық техника алып жатырмыз. Жаңа отырғызатын, егетін «сажалка» алдық. Болашақта тағы дождевалка қоямыз деп есептейміз. Өзіміздің жоспарымыз бойынша 12 «дождевалка» тұрады осындай айналма типпен.
Серіктестік былтыр әр гектардан 20 тонна картоп жинаса, биыл ол көрсеткішті еселеу көзделген. Ол үшін білікті маман арнайы шақыртылған.
Нұрмұхамед Арупов, агроном:
- Еуропада істеліп жатқан шетелдің технологиясы бойынша істелді. Бірінші «гребнообразующая» техникамен жүріп, топырақты үш жақтан қыздырдық. Топырақты қыздырып, одан кейін картоп егілді. Ішінде ылғал 40-30 пайыз. Температура 21-22 градуста егілді. Негізі картоп 24-25 күнде шығу керек. Біздер 18 күнде осы технологиямен шығардық. Ол жақсы.
Нұрмұхамед Аруповтың айтуынша әр елдің талғамы әртүрлі. Мәселен картоптың 200 күн сақтауға келетін «Гала» тұқымы Өзбекстанға экспортқа жақсы өтеді. Ресейліктер «Анна патшайымы» картобын ұнатады. Бірақ алматылық агрономның бұл білгені Батыс Қазақстанда дәл қазір қадеге жарауы екіталай. Өйткені өңір диқандары шетелге өнім шығармақ түгілі өздерін қамти алмай отыр. Картоптың тек 90 пайызы, қырыққабат пен сәбіздің жартысы ғана жергілікті өнім. Таяу уақытта егіс алқабын арттырумен қатар көкөніс қоймаларын көбейту басты міндет. Сонда келесі өнім шыққанға дейін бағаны бақылауға мүмкіндік туады, - дейді Бәйтерек ауданының байырғы диқаны Станислав Качало.
Станислав Качало, серіктестік құрылтайшысы:
- Біздің серіктестікте жалпы сыйымдылығы 12 мың тоннаны құрайтын үш көкөніс қоймасы бар. Биыл 4 мың тонналық тағы бір қойма саламыз. Онсыз болмайды. Өсірген өнімің күзде арзанға кетеді. Бірақ қойманы ұстап тұру да оңай емес. Қысы-жазы, күні-түні бір температурада ұстауға электр қуаты көп кетеді. Демеуқаржы өссе, осы шығындарды жабар еді.
Батыс Қазақстан облысында күні бүгін сыйымдылығы 50 мың тонналық 27 көкөніс қоймасы бар. Бұл қажеттіліктің тек 77% ғана. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жыл аяғына дейін 4 қойма салу көзделген. Ал 2026 жылға дейін көкөніс сақтайтын 21 қойма бой көтермек.
Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э.Аюпов