Өзбекстаннан келген делегацияны түркістандықтар құшақ жая қарсы алды

Өзбекстандық инвесторлар Түркістан облысында жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға ниетті.

Көрші елдің кәсіпкерлері тері өңдеп, былғары өндірісін өркендетуді көздейді. Осы мақсатпен 50-ден аса өзбекстандық кәсіпкер аймаққа арнайы келді. Екі ел арасындағы кәсіпкерлік байланысты нығайту мақсатында келіссөздер жасалды.

Өзбекстаннан келген делегацияны түркістандықтар құшақ жая қарсы алды. Бұған дейін екі елдің Үкімет басшылары Ташкентте «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құруды жеделдету жөніндегі жол картасына қол қойған. Бүгінгі жиын соның заңды жалғасы. Көрші елден келген делегаттарға Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Өзбекстандық кәсіпкерлер бірлескен кәсіпорындар құрып, жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға ниетті.

Ильхом Назаралиев, аяқ киім шығаратын компания директорының орынбасары:

- Біз жобалық құны 5 млрд теңге болатын түрлі аяқ киім шығаратын бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отырмыз. Онда 500 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген. Сіздердің ұсынып отырған жеңілдіктеріңіз бен мемлекеттік қолдауларыңыз бізге ұнады.

Жиында тараптар екіжақты бірлескен жобалар жасап, серіктестік құру, текстиль өндірісін дамыту және дайын өнімді экспортқа шығаруға қатысты  мәселелерді талқылады. Өзбекстанда жіп өндіру, киім тігу, тоқыма саласы да жақсы дамыған. Әндіжандық тоқыма өндірісімен айналысатын үлкен кәсіпорын Түркістанда осы бағыттағы фабрика ашуға қызғушылық танытты.

Омонилло Хашимов, тоқыма зауытының директоры:

- Түркістан облысында мақта шаруашылығы жақсы дамыған. Бірақ бәрі шикізат күйінде экспортқа шығарылады. Мақтаны терең өңдеп, жіп иіретін немесе киім тігетін кәсіпорындар жоқ. Сондықтан біз осында тоқыма өнірісін дамытсақ дейміз. Бірлескен кәсіпорын ашып, мақтаны осында өңдейміз. Киім тігетін фабрикалар ашып, дайын өнімді экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір осы бойынша келіссөздер жүріп жатыр.

«Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» демекші, қазір қазақ пен өзбек арасындағы ынтымақтастық сенімді серіктеске айналып келеді. Барлық саладағы көзқарас бір, ұстаным ортақ. Сондықтан ортақ өнеркәсіптің қос тарапқа да берері мол. Себебі көршіміздің бұл бағыттағы тәжірибесі аз емес. Соны бізге де үйреніп, шикізатты сыртқа сата бермей өзімізде өңдейтін уақыт келді» дейді мамандар. Сондықтан бұл мүмкіндікті пайдалану үшін инвесторларға индустриалды аймақтан жер де, ғимарат та қарастырылған.

Бағлан Жұмашбеков "Түркістан инвест" өңірлік фронт офисінің басшысы:

- Алдын ала ақпарат бойынша 3 жоба деп отырмыз. Қазір толық нақты шешілген жоқ. Қазір екі тараптың бизнес өкілдері келіссөз жүргізіп жатыр. Содан кейін нақты саны белгілі болады. Одан бөлек, біздің аудандардан келген кәсіпкерлер мен Өзбекстанның кәсіпкерлері арасында өзара келіссөз жүргізілді. Алдағы уақытта сол жобаларды бірлесіп атқаратын боламыз. Жобалардың басым көпшілігі жеңіл өнеркәсіп пен тері өңдеу саласы.

Түркістан облысына келіп, бірлескен кәсіпорын ашамын деген көрші елдің кәсіпкерлеріне мемлекеттен қолдау көп. Алайда оларға да қойылатын талап бар. Инвестициялық жобаның құны 50 млн теңгеден кем болмауы керек.

Айжан Әділова ҚР ИИДМ басқарма басшысы:

- Бізде тек қана Қазақстанның нарығы ғана емес қой. Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін бес елдің нарығы дайын тұр. Ешқандай кедендік мәселесіз тауарларды жеткізуге мүмкіндіктері бар.

«Екі елдің өзара сауда-саттығы былтыр 5 млрд доллар болса, 2025 жылға дейін 10 млрд доллорға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанда алыс-беріс 10 пайызға артқаны байқалып отыр. Енді жаңа жобалар іске асса, бұл межеге де жететін күн алыс емес», - дейді мамандар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш