Жүз мың долларға сатқан жоқпын – Шаруа қойдың жаңа тұқымы туралы
Түркістандық шаруа асыл тұқымды қойды будандастыру арқылы қазақстандық жаңа Байсары тұқымын шығарды.
Сарыағаш ауданындағы шаруашылыққа тиесілі «Миллион» атты қошқар салмағы бойынша жуырда Қазақстанның рекордтар кітабына еніп, көпті таңқалдырды. Қазір Байсары тұқымына Моңғолия, Өзбекстан секілді бірнеше ел қызығушылық танытып, жүздеп емес, мыңдап сатып алуға тапсырыс беріп отыр.
Халықаралық көрмеде салмағы ең ауыр қошқар атанған «Миллион» осы. Төрт жасар қошқардың қазіргі салмағы 231 келі , бойы бойы 1 метр 5 см. Ал «Миллионннан» алынған тоқты қошқар «Миллиард» деп аталады. Бұл қошқардың жасы бірде, салмағы 125 келі. Бойы 96 см. Сарыағаштық шаруа Қуаныш Мықтыбаев бағасының қымбаттығына қарамастан асыл тұқымды қой өсіріп келеді. Кәсіпкер қошқарларды Ауғанстан мен Тәжікстан, Өзбекстаннан мен Қырғыз елінен әкеледі. Шопан атаның тұқымын асылдандырған шаруа енді қазақстандық жаңа тұқымды ресми тіркемек.
- Бізде қазіргі «Байсары» деген породаға өзіміз заявканы бердік. Құдай қаласа, сол «Байсары» деген породаға барлығын тіркеп, сол «Байсары» порода қыламыз. Оған «Еділбай» араласып жатыр, Қырғызстанның қошқарларының пордалары араласып жатыр. Афганистанның қошқарлары, Гиссарымыз да бар. Енді основание біз «Еділбайға» беріп жатырмыз бұл. Основа үлкендік, барлық жақтама берген кезде.
Шаруашылықта салмағы ауыр, белі тегіс әрі құлағы ұзын асылтұқымды қойды көбейтуге ден қойылған. Себебі бұл қызығушылықтан бөлек табыстың көзі. «Әсіресе Орта Азияда етті қошқарларға сұраныс көп»,-дейді шаруа. Мәселен, қарапайым қошқарлар 1 жасқа келгенде 30 келі салмақ берсе, ал мына қошқарлар 3-4 айында 70-75 келі тартады. Ал бір жасында 120 келіден асады.
Қуаныш Мықтыбаев, шаруа:
- Мен, мысалы, мына қошқарымды жүз мың долларға берген жоқпын. Мына қошқарларымыз да сол жүз мың доллардың шамасында. Мына қошқарымызды 40 долларға алдым сол кездің нарқы бойынша. Біздің өзіміздің Қазақстанда шыққан бұл қошқарымыз.
Асыл тұқымды қошқарлардың күтіміне де ерекше мән беріледі. Әдеттегідей тек жем-шөп берумен шектелмей, дәрумендері бар көкөністер де қосылады.
Райымжан Баратов, шаруа:
- Қошқарлардың азық-ауқатын салмағына қарай береміз. Таңертең арпа мен бидайдың өзін берсек, түсте және кешкісін арпа мен бидайды, жүгеріні қайнатып береміз. Қыстыкүндері тамағын бір келіге дейін көбейтеміз. Сондай-ақ, жемнен бөлек, алма, сәбіз, асқабақ, қызылша турап береміз. Күнделікті осылай бағамыз.
Биыл Монғолияның малшылары бірден 2-3 мың бас малға тапсырыс беріпті. Қырғыз елінің шаруалары саулық сатып алуға ұсыныс жасаған. Одан бөлек өзбекстандықтар да қызығушылық танытқан. Осылайша Қуаныш Мықтыбаев Қазақстандық «Байсары» тұқымын әлемге танымал етпек.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш