Елге қайтқан активтер қайда жұмсалады?
Бюджет қаражатын бармақбасты, көзқысты жолмен жымқырып, шетел асырғандарға тықыр таянды.
Бүгін Сенат заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы заң жобасын мақұлдады. Жауаптылар елден жылыстаған қаржыны екі жолмен қайтаруды жоспарлап отыр. Активтер мәжбүрлі және ерікті түрде қайтарылады. Ал бұл қаражат қайда жұмсалады?
Қазақстан қазынасына тиесілі қыруар қаражат шетел асты. Елде де негізсіз байып, қолды қылғанын жасырып, жылыстатқандар жеткілікті. Сенатта мақұлданған құжат - осы активтердің шығу тегін анықтап, оны қайтаруға заң тұрғысынан мүмкіндік береді. Әзірге билік бұл қаржыларды келісім арқылы қайтаруды көздеп отыр. Егер азаматтар заңсыз иеленген қаржысын қайтарудан бас тартса, жауаптылар қатаң тәсілді қолдануға көшеді. Мәжбүрлі қайтару процессі Қазақстанның, шет мемлекеттердің сот актілері немесе олардың құзыретті органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылады. Ал өз еркімен қайтарған азаматтар жауапкершілікке тартылмайды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Заңсыз деп танылған актив толықтай мемлекетке қайтарылады. Ол активті сол кезде алғаны үшін, жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ ол ақталды деген нәрсе емес. Сол активтің қайтарылуы мойындау деген сөз, кезінде заңсыз алынды деп. Заңсыз иелену процесіне жауапкершілік болмайды, бірақ басқа мәселе болса, әр азамат заң алдында жауап береді.
Тілші: Ал қаражаттың заңсыз алынғаны қалай тексеріледі? Бас прокуратура өкілдерінің хабарлауынша, алдымен, барлық ашық ақпарат қаралады. Кейін қолда бар сараптама, анықтама және өтініш-арыздар тыңғылықты талдаудан өтеді. Мемлекеттік органдардың тексерісі кезінде табылған заңбұзушылықтар да ескеріледі. Осылайша заңсыз байыған адамдар анықталады. Сөйтіп олардың тізімін жасақтайды. Заңсыз шығарылған активтерді қайтаруы тиіс адамдардың тізімі қыркүйек айында белгілі болуы мүмкін.
Ұлан Байжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Реестрге кіргеннен кейін 3 ай ғана қаралады. Не өзі еркін жариялайды. Не мәжбүрлі жолға шығады. Біз ешкімнің артынан жүгірмейміз. Заңды бастадық, енді іске кірісеміз. Менің ойымша, сентябрьден бастап бастаймыз.
Заңды түпкілікті қабылдауға аз қалды. Жауаптылардың айтуынша, қайтарылған қаражат әлеуметтік һәм экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Жалпы, отырыста сенат депутаттары бұдан өзге 3 құжатты қарады. Атап айтсақ, "онлайн-платформалар және онлайн-жарнама", "кәсіптік біліктілік", "Семей ядролық қауіпсіздік аймағы" туралы заң жобалары талқыға түсті. Сондай-ақ, Жоғарғы Сот судьяларын сайлады. Отырыс соңында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбев сессия жұмысын қорытындылады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Сессия наурыз айының соңында ғана басталды. Соған қарамастан, мемлекет басшысының елімізді жаңғыртуға арналған реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Үш ай мерзімде Парламент 25 заң қабылдады. Олардың ішінде 10 заңға депутаттық корпус бастамашылдық жасады.
Енді депутаттар өңірлерге барып, халықпен кездеседі. Сапар кезінде жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстар жинайды. Келесі сессияда осы түйіткілдер көтеріледі.
Бекзат Аманов, Марат Диханбаев