Жетісу облысында шопандар күні атап өтілді
Жетісу облысының малшылар қауымы шопандар күнін атап өтті.
Осылайша жыл 12 ай бойы мал соңында жүріп, төрт түліктің санын еселеп өсірумен айналысып жатқан қарапайым еңбек адамдарына Шаған тауының баурайында құрмет көрсетілді. Онда қазақтың ұлттық ойындары ойналып, үздік малшылар марапатталды. Сондай азаматтардың бірі Қабдолда Жамаубаев. Қолына құрық ұстап, 40 жыл бойы жылқы баққан ол, бүгінде етті-жүнді бағыттағы меринос қой тұқымын өсірумен айналысады. Қожалығындағы қой саны мың басқа жеткен. «Біз үшін шопандар тойы бір жылдың есебі іспетті. Қыстан аман-есен шығып, малымызды төлдетіп, жайлауға көштік. Осыны ұмыт қалдырмай елеп ескеріп, Шаған тауының етегінде, шопандар тойын ұйымдастырған Көксу ауданының азаматтарына айтар алғысым шексіз», – дейді ол.
Шопандар тойы бұл өлкеде соңғы рет 2012 жылы аталып өтіпті. Міне арада 10 жылдан астам мереке қайта жалғасты. Шара барысында үздік шопандарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Қабдолда Жамаубаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Атам бақты, әкем бақты. Өзім бақтым. Жүз жылға келіп тұр. Кейіннен енді жылқы сәндік, қой байлық деген бар. Қойға ауысып кеттік. Қойдың шаруасымен ары қарай жүріп жатқан жайымыз бар. Бала-шаға, ағайын туыс бәрін асырап. Шопандар тойы өте жақсы. Ауданның әкімдеріне, жігіттердің барлығына рақмет!