Англияға маусымдық жұмысқа баратын қазақстандықтардың саны артып барады
Англияға маусымдық жұмысқа барған қазақстандықтардың саны артып барады.
Алайда олардың арасында заң бұзатындар да кездеседі екен. Енді елшілік өкілдері шетелге маусымдық жұмысқа тартудың талабын күшейтуге ниетті.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Бұл ферма Лондоннан 200-дей шақырым жерде орналасқан. Құлпынай және таңқурай өсірумен айналысады. Жұмысшылары негізінен ТМД мемлекеттерінің азаматтары. Қазақстаннан келгендердің саны 40-тан асады.
Еркебұлан Көшенов Байқоңыр қаласы Төретам кентінің тумасы. Жасы отызда. Білімі жоғары, елде автосалонда еңбек еткен. Келіншегі екеуі қыздарын ата-әжесіне тастап, алты айға маусымдық жұмысқа келіпті.
Еркебұлан Көшенов, маусымдық жұмысшы:
- Келіншегіміз екеуміз ел көрейік, жер көрейік деп. Үй салып жатқан соң шамалы кішігірім кредиттер бар енді. Әке-шешеге шамалы бір нәрсе сыйлау керек деген сияқты енді. Сондай немен келдік, мақсатпен.
Ұлыбритания Еуропалық Одақ құрамынан шыққаннан кейін Румыния және Болгария сияқты елдерден бұрынғыдай еркін келіп, еңбек ететіндерге тосқауыл қойылды. Жұмыс күшіне деген сұраныс едәуір артты. Ал жергілікті халықтың төмен жалақыға қара жұмыс істегісі жоқ. Сондықтан билік 2019 жылы пилоттық жоба ретінде арзан жұмыс күшін ТМД елдерінен тарта бастады. Бірақ заң талаптарын қатаң орындау міндеттелді.
Максим Савченко, менеджер:
- Қазақстан болсын, басқа мемлекеттерден болсын келген әрбір азаматтың заңға бағынғаны өте маңызды. Нақты бір фермаға ғана байланған жұмыс визасы 6 айға ғана жарамды. Одан кейін жұмысшылар елге оралулары керек.
Бірақ кейбір фермадағылар жұмыстарын тастап, Лондонға келіп, құрылыста, қонақ үйлерде заңсыз еңбек етіп жүр.
Мерей Қуандықов, Ұлыбританиядағы Қазақстан Елшілігінің консулы:
- Осыған байланысты келешекте Ұлыбританияға маусымдық жұмысшы ретінде келетін отандастарымызға жергілікті заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттілігіне назар аударамыз.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес екі жыл бұрын фермаларға 400-ге жуық қазақстандық тартылса, өткен жылы 2700 адамға жуықтапты.
Ғалымжан Қараманұлы