Көлеңкелі экономикаға қарсы жоспар бекітілді

2025 жылға қарай көтерме және бөлшек саудадағы көлеңкелі айналым 5%-ке дейін төмендейді.

Былтыр бұл көрсеткіш 6,7% болған еді. Ал Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 2022 жылғы 36%-тен 2025 жылы 37,5%-ке дейін арттыру жоспарланып отыр. Қазақстан Үкіметі Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Жоспарды Қаржылық мониторинг агенттігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірледі. Тиісті қаулыға Премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды. Жоспар кедендік тексерулердің тиімділігін арттыруға, кедендік рәсімдерді оңтайландыруға және әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша қосымша шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді.