Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумы

Қазақстан мен Ауғанстан өзара тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізуге мүдделі. Қазір бұл көрсеткіш 1 млрд болып отыр.

Тараптар биыл жарты жылдың ішінде 343,6 млн долларға сауда жасасқан. Оның дені қазақстандық экспортқа тиесілі.

Бүгін елордада алғаш рет екі ел өкілдерінің қатысуымен бизнес форум өтіп, құны 190 млн доллардан асатын келісімге қол қойылды.

Риат Шони, тілші:

- Қазіргі геосаяси ахуал мың құбылып тұрғанда, әлем аренада өз орныңды табу мына кілем тоқыған секілді аса ауыр.

Айта кету керек, бұл жұмысқа ауғандық 3 әйелдің 1 жылға жуық уақыты кеткен екен. Кілемнің әрбір бөлігіне аса мән берілген. Әлемдік геосаясатта да дәл солай. Бүгін міне Ауғанстан мен Қазақстан бизнес форум өткізіп, өзара әріптестік деңгейін жаңа деңгейге шығарды.

Мухиболла Кухи, кәсіпкер, Ауғанстан:

-  Біз өз кілемдерімізді АҚШ, Түркия, Қазақстан, Өзбекстан сынды көптеген елге сатамыз. Барлығы қолмен тоқылады. Бұл кілемді Қазақстан мен Ауғанстанның достығы ретінде көрсетіп тоқыдық.

Ауғанстанның атақты кілемдері, тәтті шәйлары мен кептірілген жемістері. Бұл Оңтүстік Азия елінің бізге ұсынар өнімдері. Қазіргі таңда Қазақстанмен Ауғанстан арасындағы тауар айналым 1 млрд долларға жеткен. Енді оны 3 млрд-қа дейін жеткізу міндеті тұр. Осы ретте тараптар бүгінгі бизнес форумнан зор үміт күтіп отыр.

Хайруддин Маил, Ауғанстан Сауда-инвестициялық палатасы төрағасының орынбасары:

- Бұл форум біздің мемлекеттеріміз үшін аса маңызды шара болып отыр. Бүгін қазақстандық компаниямен ай сайын 500 мың тонна бидай және 30-40 вагон күнбағыс майын тасымалдау жөнінде келісімге қол қоямыз деп отырмыз. Алыс-берісіміз дамып жатқанына қуаныштымыз.

Артур Ахметов, кәсіпкер:

- Бүгін біз ауған тарапымен бидай жеткізу жөніндегі келісімге қол қоямыз. Бұл құжаттың жалпы құны 23 млн доллар. Өнімді жеткізуді қыркүйек айында бастаймыз. Жалпы Ауғанстан транизттік мемлекет ретінде де бизнесмендер үшін өте тартымды ел болып отыр.

Ауғанстан - Азияның орталығымен оңтүстігін жалғайтын көпір. Ары қарай Пәкістан, Үндістан және Парсы шығанағы елдерінің нарығы жатыр. Сондықтан бұл бағыттағы сауда-саттықты арттыру Қазақстан үшін аса маңызды. Негізгі экспорттық өнім – ол ұн. Бүгінде еліміз сыртқа шығаратын ұнның 70 пайыздан астамын Ауғанстан сатып алып отыр. Енді осы әлеуетті жоғалтып алмай, оны ары қарай дамыту қажет. Негізі біз өз өнімімізді Өзбекстан арқылы жеткіземіз. Бизнесте әркім өз пайдасын көреді. Сондықтан болар тасымал тарифы қымбатқа шығып отыр. Сол себепті Қазақстанның сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин транзиттік өзге де бағыттарды кеңейту жөнінде жұмыс жүріп жатқандығын айтты.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі:

- Бүгінде Түркіменстан өз аумағы бойынша тасымалдарды дамытуға мүдделі және өз аумағы бойынша жеңілдікті транзиттік тариф ұсынуға дайын. Бұл бағыт, ең алдымен, ұн тартатын өнімдер үшін жөнелтудің балама бағыты болуы мүмкін екенін атап өтеміз. Осы мақсаттар үшін QazTrade шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілетудің бірыңғай операторы отандық тауарларды Болашақ станциясына дейін жеткізуді арзандатуды қамтамасыз етеді.

40 млн халқы бар Ауғанстан бүгінде инвесторларға зәру болып отыр. Бұл елде өнеркәсіп саласында игерілмеген көптеген жобалар бар. Минералды ресурстарға бай мемлекетте алтын, күмістен бастап түрлі асыл тастар өндіруге болады. Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі Нұриддин Азизи Қазақстанның қалталы азаматтарын осы әлеуетті бірлесіп пайдалануға шақырды.

Нұриддин Азизи, Ауғанстанның Сауда және өнеркәсіп министрі:

- Соңғы кезде жүздеген шетелдік инвестордың Ауғанстанда түрлі салаға қаржы құюға деген қызығушылығы артып келеді. Көбі тиісті рұқсаттарын алып, мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыс орнатқан. Біздің билік оларға салық жеңілдігін жасау жөнінде шешім қабылдады. Мен қазақстандық инвесторларды да елімізге шақырғым келіп отыр.

Тағы айта кету керек, ауған тарапы Балх провинциясындағы Хайратон портының базасын Қазақстанға 1 жыл тегін пайдаланға беруге дайын екендіктерін айтты. Бұл порт Өзбекстан және Түркіменстан елдерімен шекаралас жерде, Әмудария өзенінің бойында орналасқан. Бұл да қазақстандық кәсіпкерлер үшін өз саудасын дамытуда зор мүмкіндік болмақ. Жалпы елімізде бірінші рет өткен бизнес форум қорытындысы бойынша тараптар құны 190,8 млн долларға жететін келісімдерге қол қойылды. Енді еліміздегі дүкендер сөрелерінде Ауғанстанның қандай тауарлары болатындығын, тамыздың 5-не дейін Астанадағы конгресс орталығында өтетін көрмеде көріп, танысуға болады.

Авторлары: Риат Шони, Ербол Дайыров