Әлихан Смайылов орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізді
Премьер-министр Әлихан Смайылов орта бизнес өкілдерімен кезекті кездесу өткізді.
Үкімет үйіндегі жиын барысында кәсіпкерлер өз қызметтері жайлы тоқталып, бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда металл бұйымдарын ыстықтай мырыштау зауытының құрылысы, мал сою алаңы мен тоңазытқыш қоймалары, етті қайта өңдеу және шұжық өндірісі, және тау шаңғысы және жасанды қармен сноуборд тебу орталығы сияқты бірқатар жобаны таныстырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Бүгін орта бизнеспен кезекті кездесуімізді өткіземіз. 4 облыстың бизнес өкілдері қатысуда. Олар Қарағанды, ШҚО, Ұлытау және Абай облыстары. Өкінішке орай, өткен жылы МАЭК-та болған апатқа байланысты біз жиналысымызды кейінге қалдыруға мәжбүр болдық. Сонымен бірге министрлерге сіздерді қабылдау және сұрақтарыңызды талқылау тапсырылған болатын.
Басқосуда жеңілдетілген несие, субсидиялау, мал азығын дайындау, жол құрылысы, көтерме сауда-тарату орталықтары мен көкөніс қоймаларына қатысты мәселелер сөз болды. Бұдан басқа Алакөл және Балқаш көлінің демалыс аймақтарын дамыту барысы жан-жақты талқыланды. Жиынды қорытындылай келіп, Премьер-Министр уәкілетті мемлекеттік органдарға кәсіпкерлердің ұсыныстарын мұқият зерделеуді тапсырды.
Елена Асылбекова, кәсіпкер:
- Биыл Қазақстандағы туризмді дамыту бағдарламасы қайта қаралды. 2029 жылға дейінгі жаңа бағдарлама қабылданды. Құжатта біраз түйткілге баса мән берілген. Яғни 2029 жылға дейін Қазақстан туризм саласы бойынша үздік 50 елдің қатарына ену керек деген тапсырма қойылған. Біз осы саланың өкілі ретінде қойылған талапқа сай болу жолында тынбай еңбек етіп келеміз. Бірақ мемлекет қолдауынсыз даму өте қиын.