Түркістан облысында 91 балық шаруашылығы ашылады
Түркістан облысы балық шаруашылығын дамытуға мықтап кірісті.
Алдағы үш жылда өңірде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспары бар. Биылдың өзінде тауарлы балық өсіретін 30 шаруашылық жұмысын бастап кетті. Енді осы су маржандарын өсірушілерге мемлекеттен қандай көмек бар? Алдағы меже қандай?
Сайрам ауданындағы тауарлы балық өсіретін мына шаруашылық 2017 жылы құрылған. Мұнда шабақ салатын 14, тауарлы балық өсіретін 17 көл бар. Онда негізінен карп тұқымдас; сазан, тұқы, дөңмаңдай, ақамур өсіріледі. Шаруашылық шабақты өздері өндіреді. Уылдырық шығаратын екі цехта жылына 1,5 млн шабақ өндіріледі. Шаруашылық басшысының айтуынша, оның 600 млн-ы өздерінде қалса, қалғанын облыстағы басқа шаруашылықтарға сатады.
Бақытбек Төрегелдиев, балық шаруашылығының төрағасы:
- Тағы да шабақтарды өсіретін бос жерлеріміз бар. Ол жерлерге де жаңадан көлдер ашып жатырмыз. Биыл ерте көктемде судактың тұқымдарында шығардық. Шамамен 200 мыңдай шабақ шығардық. Оны келесі жылы да дамытуға әрекет жасап жатырмыз. Біздер былтыр 650-700 тоннаға дейін балық өндірдік. Биыл мың тоннаға жеткіземіз деп әрекет жасап жатырмыз.
Ал Түлкібас ауданы Құлан су қоймасындағы балық шаруашылығы жұмысын былтыр бастады. Мұнда көлге сазан, ақамур және дөңмаңдайдың 3 млн жуық уылдырығы жіберілген. Ал су бетіндегі тор шарбақтарда форельдің 50 мыңға жуық шабағы өсіп, жетілуде. Шаруашылық басшысы Қайсар Байтілеуов алдағы күзде су айдынынан 150 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр.
Түркістан облысында қолдан жасалған тоғандарды қоспағанда жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Онда 156 кәсіпкерлік мекеме тауарлы балық өсірумен айналысады.
Данияр Сейітов, Табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы:
- Тауарлы балық өндіру бойынша біздің облыс республикада көшбасшы болып отырмыз. Жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі тағы да тапсырма берді. Биылға жоспарлаған межеміз 6640 тонна болатын тауарлы балық өндіру бойынша, соны 2024 жылы 10 мың тоннаға жеткізу жүктелді. Соның аясында жұмыс істеп жатырмыз.
2020 жылы Үкімет бекіткен балық шаруашылығын дамытудың 10 жылдық бағдарламасына сәйкес, өңірде 2030 жылға дейін 20 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Биыл саланы дамытуға жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Екінші жарты жылдыққа да сонша қаржы қаралған. Ал инвестициялық субсидия ретінде республикалық бюджеттен 226 млн теңге бөлінген. Одан бөлек балық жемінің 30%, ал шабағы мен аналығын сатып алуға кеткен шығынның 25%-ін мемлекет өтейді.
Фазылбек Нәлібаев, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы:
- Өткен жылы мемлекет басшысы балық шаруашылығын дамыту жайында тапсырма берген. Сол бағытта үкіметпен, министрлікпен, жергілікті әкімшіліктермен бірлесіп жүмыс істеп жатырмыз. Кеше Шардара ауданында болдым, ол жерде де осындай тор құрып, табиғат пайдаланушылар жұмыс істеп жатыр. Біз өзіміздің тарапымыздан қолдан келгенше көмектесеміз. Бұл жұмыстар ары қарайда жалғасын табатын болады.
Қазір Түркістан облысының Шардара ауданында балықты терең өңдейтін бес зауыт жұмыс істейді. Олар былтыр 5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 80 пайызын экспортқа шығарды. Тапсырыс тек Еуропа елдерінен ғана емес, Америкадан да түскен. Биыл өңір кәсіпкерлері 5 мың тоннаға жуық балық өнімін экспорттауды көздеп отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов