Қызылорда облысында егінді әртараптандыруға басымдық берілді
Қызылорда облысында соңғы жылдары суды үнемдеу технологиялары мен егінді әртараптандыруға басымдық беріліп отыр.
Күріштен бөлек көкөніс, бақша және майлы дақылдардың көлемі артып келеді. Мысалы тоқсан күнде небәрі 3 рет суарылатын жүгері егуді де қолға алған шаруашылықтар бар. Олар бұл дақылды шикізат күйінде ғана емес, өңдеп, дайын өнім түрінде ұсынудың жолын тапқан.
Бұл Жаңақорған ауданындағы жүгері сусынын шығаратын цех. Бес жыл бұрын мемлекеттің қаржылай қолдауымен ашылған. Алты адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімге сұраныс жоғары. Дегенмен, өндіріс орны әлі толық қуатта жұмыс істей алмай тұр.
Әбжаппар Қасымов, кәсіпкер:
- Мына цехтың өзі 1,5-2 тонна шығарады күніне. Толық қуатымен шығаруға болады, егер шикізвт болса. Қазір 800 литрге дейін ғана шығарып отырмыз.
Әбжаппар Қасымов цехты шикізатпен қамту үшін биыл 100 гектар жерге жүгері еккен. Алдағы уақытта бұл көлемді арттыра бермек. Ол үшін 600 гектар жер алған. Жүгері дақылы суды көп қажет етпейді. 90 күнде толық пісу үшін 3 мәрте суарса жеткілікті, - дейді ол. Егінді әртараптандыру мақсатында биыл Жаңақорған ауданында күріштен өзге дақылдар көлемі бір мың гектарға артқан. Соның ішінде 13 шаруашылық форвардтық жүйемен көкөніс егуге кірісіпті.
Ерғали Исматуллаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Өте жақсы, алдын-ала ақшасын береді. Әрі өткізетін жерің бар. Күзде қорықпайсың. 100 тонна сәбіз, 30 тонна картоп. Сәбіздің бағасын 110 теңгеден, картопты 120 теңгеден. Бірақ қыстыққа сақтауға деп. Сол себепті картоп, сәбіз де кештеу егілген себебі сол. Өйткені ол аязға іліну керек. Сосын қазылады.
Күзде жиналған арзан көкөніс азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік дүкендер арқылы саудаланады. Бұдан бөлек ауданда жеке отбасылардың егін егуі үшін дайындалатын жер көлемі екі есе артқан.
Талғат Зейдалиев, Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- 235 гектар алқапқа қазір біз жаңадан жерлер ашылып, осы отбасылық егісті дамыту жұмыстарын жүргіздік. Қазір 66 гектар картоп, 96 гектар көкөніс, 134 гектар бақша егіп, оның жемісін қазір тұрғындар көруде.
Биыл аудан бойынша егіс көлемі 37 мың гектардан асты. Оның 7 мың 600 гектары күріштің үлесінде. Мал азығы 20 мың гектар болса, майлы дақылдар 2 мың гектарға дейін жеткен. Қалғанына көкөніс пен бақша егілді.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев