Павлодар облысының шаруалары картоп жинап жатыр
Фермерлік шаруашылықтар қуаңшылыққа қарамастан алғашқы өнімнің түсімі жақсы екенін айтады.
Черноярка суармалы егіс алқаптарында қазір қауырт шақ. Дегенмен өңір бағбандары үшін биылғы маусым оңай болған жоқ.
Ботагөз бен Арман күні - түні егіс басында. Фермерлер үшін биыл ауыр жыл болды. Көктемде сәбіз алқаптарындағы жас өскіндерді қатты жел ұшырып әкетті. Бос қалған алқаптарға тұқым екінші рет қайтадан себілді.
Ботагөз Ілиясова, шаруа қожалығының басшысы:
- Біз 50 гектар жерге сәбіз тұқымын сепкен едік. Кейін қатты жел тұрып, еңбек зая кетті. Бұл табиғаттың тосын мінезі. Оған қарсы тұра алмайсыз. Сондықтан бәрін қайтадан бастадық. Ең бастысы, ерінбей -т алмай еңбек ету керек.
Он жылғы еселі еңбектің арқасында шаруа қожалығы аяғынан нық тұрды. Лизинг арқылы жаңа ауылшаруашылығы техникаларын алды. Тұқым қорын жаңартты. Соңғы жылдары көкөніс түрлерін көбейтті.
Арман Ақтаев, агроном:
- Біз биыл пияздың жаңа сұрпын салдық. Өнімнің ұзақ сақталатын 5 түрін өсіріп көрейік деп шешім қабылдадық. Әзірге тәжірибе жүзінде сынақтан өткізіп жатырмыз. Пиязымыз пісіп қалды.
Картоп жинау науқаны өткен аптада басталды. Күніне қырық тонна өнім алынып жатыр. Ыстықтың беті қайтпай тұр. Егіс басында жұмыс таңертеңгі сегізден түскі екіге дейін жалғасады. Ең бастысы картоптың түсімі жақсы.
Светлана Обухова, жұмысшы:
- Суармалы егіс алқаптарында картоп жақсы шықты. Өнім көрсеткіші жоғары. Алғашқы өнімнің дәмін татып көрдік. Өте дәмді.
Көп кешікпей пияз жинау науқаны басталады. Одан кейінгі кезекте қызылша тұр. Сәбіз ең соңынан алынады. Өнімді әдетте егіс басынан сатып әкетеді. Бір бөлігі қоймаға құйылады. Фермерлер көктемде шыққан шығынның орнын толтыру үшін көкөністі тиімді бағаға сатуды көздейді.
Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат