Биыл Алматыға 199 мың шетелдік турист табан тіреген
Алматы жоғары мәдениет, сапалы қызмет көрсетуімен ерекшеленеді.
Бұл туристерді тартудың негізгі кілті. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері Алматыға 199 мың шетелдік қонақ табан тірепті. Олар көбіне Ресей, Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Түркия, Германия елдерінен келген.
Еліміздің мәдени астанасы Алматының келбеті соңғы жылдары этно-стильдегі демалыс, тамақтану орындарымен толықты. Бұған әсіресе, шетелдіктердің қызығушылығы басым. Ұлттық тағамнан бөлек, олар дәстүр мен мәдениетті танытатын интерьер туралы білгісі келеді, - дейді мейрамхана өкілі. Мұнда табалдырықтан аттаған әр қонаққа тары қосылған шәй мен ыстық бауырсақ ұсынады. Шетелдіктер бірінші кезекте қонақжайлылыққа тәнті.
Тамара, қала қонағы (Грузия):
- Мен Грузияданмын. Алматыға келгеніме қуаныштымын. Тұрғындары да тамаша. Маған бұл жер ұнайды. Сіздерге сәттілік тілеймін.
Дебора, қала қонағы /Израиль/:
- Мен бұл елді, осы мәдениетті қатты жақсы көремін. Ал бұл мейрамхана қаладағы әйгілі мейрамханалардың бірі. Асханасы өте әдемі, дәмді және тамаша қызмет көрсетуге куә болдық. Біз Қазақстанды өте жақсы көреміз, Алматыны жақсы көреміз. Алматыға екінші рет келдік.
Қала тұрғындарының жиі басқосатын орындарының бірі кинотеатрлар. Соңғы кезде үлкен экрандағы фильмдерге сұраныс басым. Әрі, афишадан талғамыңызға сай фильмді табуға мүмкіндік бар. Қызмет көрсету де жоғары деңгейде, - дейді келушілер.
Мағжан Шынжырбеков, Алматы қ. тұрғыны:
- Бұл жер жайлы қызмет пен жылы қарым-қатынасымен ерекшеленеді. Билеттер, орындармен түсінбеушілік болса, тез арада көмектеседі. Бұл кинотеатрға бала кезімнен бері келемін.
Арман Тасқалиев, Алматы қ. тұрғыны:
- Сервисі бәрі әдемі, кешке келіп демалғанға барлығы өте әдемі. Қандай мықты кино шықты, қандай кино тартып алды соған барамын.
Алматының артықшылығы – Іле Алатауының баурайында орналасуы. Бұл көрініс қаланың әсемдігін еселейді. Дүние жүзінде тауға жақын қалалар саны 10-нан аспайды екен. Сондықтан бұл жаяу серуендеу, альпинизм және өрмелеу сияқты іс-шаралар мәдениетін дамытуға таптырмас мүмкіндік.
Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев, Сұлтан Бейсекенов