Жылу маусымына дайындық. 11,3 млрд теңге бөлінген
Батыс Қазақстан облысындағы жылумен қамтитын кәсіпорындардың қысқа дайындығы 95% болды.
Жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі атқарылды. Шағын қала Ақсайдағы тозығы жетуі мүмкін желілер көлемі 10% болса, облыс орталығында бұл көрсеткіш 50%.
Шағын қала Ақсайда жылу желілерін қысыммен тексеру тамыздың ортасында басталды. Тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандар да басты назарда. Мәселен мамандар қазір №3 мектептің жылу алмастырғыштарын тазалап жатыр.
Аслан Дәуітәлиев, инженер:
- Бір жағы – салқын су жүреді, бір жағы – жылу жүреді. Жылу таза, салқын су «жесткий», сондықтан мынадай әк, құм, темір. Соның бәрі бөлінеді. Су жүрмейді, жылу жүрмейді сондықтан тазартып жатырмыз.
Шағын шаһарлардың жай күйіне жіті көңіл бөлінгелі Ақсай қаласында қыруар жұмыс атқарылыпты. 2018 жылы жылу желілері ауыстырылған, 2016 жылы орталық қазандық салынған. Соның нәтижесінде тозығы жету көрсеткіші 10% дейін түскен. Биыл да 2,8 шақырым кіші диаметрлі тұрба ауыстырылған. Көпқабатты үйлердегі 7 дербес қазандыққа автоматты басқару құрылғылары орнатылыпты. Цифрландыру нәтижесінде 28 оператордың 20-ы қысқарған.
Әнуар Мүкеев, жылумен қамтушы кәсіпорын директорының орынбасары:
- 10 шағын ауданның үлкен қазандығы бар. Сол жерге шығарып қойған, осыннан сигнал келіп тұрады. Температура, қысым бәрі көрініп тұрады. Егерде мында апатты жағдай болса, өшіп қалады. Сол кезде бақылап отырады да, келіп қарайды неліктен екенін. Бұрында оператор осында отырады, күні-түні отырады.
Егер Ақсай қаласы «жасыл» аймақта болса, Орал қаласындағы жылу желілері «сары» аймақта, ал жылу электр орталығы «қызыл» аумақта. Мұндағы құрал-жабдықтардың 88% тозған. Биыл орталықта су суытатын градирня салынып, Жайықтан су алатын сорғы стансасы жөнделген. 8 шақырымдай жылу желісі күрделі жөнделген. Бірақ мұнымен мәселе шешілмейді. Қазір 6 шақырымдай желіні жаңартуға 5 жоба әзір. Ал жылу электр орталығын толықтай жаңғыртуға 32 миллиард теңге қажет дейді мамандар.
Мирас Мулкай, БҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Әр су жылыту 6-7 қазандық бар. 3 генератор бар, бір турбогенератор жыл соңына дейін аяқтап, қалған екі генератор қалады күрделі жөндеуге өткізуге. Сәйкесінше барлық жұмыстарды алып қарағанда 2028 жылға дейінгі жоспарымыз 32 млрдқа шығып тұр. Бәрі қаражатқа байланысты. Енді біздің қазіргі мақсатымыз, осы орындаушылармыз ғой, ПСД-ларды дер кезінде жасақтап, республикалық бюджетке ұсыну міндетіміз жыл соңына дейін.
Жалпы биыл облыстағы жылу кәсіпорындарының қысқа дайындығына 11,3 миллиард теңге бөлініпті. Оның 9 миллиарды республикалық және облыстық бюджеттен бөлінсе, қалғаны кәсіпорындардың инвестжоспарына сәйкес ішкі қордан бөлінген.