Қазақстанда капитал нарығының даму қарқыны артып келеді

Осындай тақырыпта британиялық беделді «Банкир» басылымында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысымен сұхбат жарияланды.

Ренат Бектұров онда орталықтың негізі қаланған жылдан бастап, өсу қарқыны, қазақстандық капитал нарығының дамуы және Ресейге қарсы санкциялардың орталыққа әсері туралы әңгімелеген. 5 жыл ішінде Қаржы орталығы Қазақстанға 10 млрд доллардан астам инвестиция тартты. Соңғы уақытта геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты, орталықтың өңірдегі рөлі арта түсті. Ірі халықаралық компаниялар өз кеңселерін Ресейден Қазақстанға көшірді. Қаржы орталығы басқарушысының айтуынша, экономикалық көрсеткіштер де салыстырмалы түрде жақсарған.

Наталья Перова, халықаралық адвокат:
- Меніңше, Қаржы орталығы халықаралық дауларды шешуге өте жақсы мүмкіндік беріп отыр. Ол ағылшын құқығы қағидаттарына сүйенгендіктен соттың құрамында ағылшын судьялары бар. Сәйкесінше Қазақстанға бизнес жасауға келген шетелдік инвесторлардың тарапынан оған деген сенімі жоғары болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда «Астана» халықаралық қаржы орталығы зор жетістікке жетеді деп ойлаймын.