Смайылов бизнесті тексеру мораторийі аяқталғаннан кейін не болатынын айтты

Смайылов бизнесті тексеру мораторийі аяқталғаннан кейін не болатынын айтты

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысып жатыр.

Ол жиын барысында Президенттің бұған дейінгі жолдауларының қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

Бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсарту бойынша жүйелі шаралар іске асырылуда. 2020 жылдан бастап елімізде шағын және микробизнеске тексеру жүргізуге жарияланған мораторий 2024 жылға дейін ұзартылды. Орта бизнестің үлесі 2019 жылмен салыстырғанда 31,7%-тен 36,5%-ке дейін өсті. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны тек соңғы 1 жылда 27%-ке өсіп, 1,8 млн-нан асты. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны бір жылда 18%-ке артып, 4,1 млн адамға жетті – дейді Әлихан Смайылов.

Оның сөзіне қарағанда, оң нәтижелер кәсіпкерлік қоғамдастық пен билік органдарының өзара іс-қимылының тиімділігімен байланысты.

«Таза парақтан реттеу» қағидаты сәтті еңгізілуде. 44 салада 128 мың талапқа талдау жүргізілді. Оның ішінде жаңа реттеуші саясаттың шарттарына сәйкес келмейтін 10 мыңнан астам талап анықталды. Қазірдің өзінде оның 9 мыңы алынып тасталды. Сондай-ақ бизнесті тексеруге мораторий аяқталғаннан кейін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік бақылау және қадағалау салаларындағы тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Осындай автоматтандырылған тәсіл тексерулерді адамның қатысуынсыз тағайындауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексерулер 2 есеге қысқарады. Микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілді. Жалпы мөлшерлеме 34,5%-тен 20%-ке дейін төмендетілді – дейді Үкімет басшысы.

Жекешелендіру – мемлекеттің экономикадағы рөлін шектеудің негізгі бағыттарының бірі.

2019 жылдан бастап мемлекеттің қатысуы бар 1 мыңға жуық ұйым жекешелендірілді. «ҚазМұнайГаз» және «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компанияларының акциялар пакеті IPO-ға және SPO-ға сәтті шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Аталған шаралардың нәтижесінде 2023 жылы мемлекеттің экономикадағы үлесі шамамен 14%-ке дейін қысқарды. Квазимемлекеттік сектордың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бойынша тағы бір бастама іске асырылды. Осы жылдан бастап «Самұрық-Қазына» қоры таза табысының 7%-ін жыл сайын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударуда – деді ол.

Үкімет ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Саланы субсидиялау көлемі 430 млрд теңгеге дейін өскен.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген кредит берудің жыл сайынғы көлемі ұлғайтылды. Сондай-ақ Азық-түлік корпорациясы арқылы форвардтық сатып алу 2 есеге артты. Салаға тартылған инвестициялардың көлемі былтыр 850 млрд теңгеге дейін жетті. биыл агроөнеркәсіптік кешен саласында 6,6 мың жаңа жұмыс орны құрылып, шамамен 540 млрд теңге сомасындағы 290 жоба іске асырылып жатыр – дейді Премьер-министр.

2022 жылдың басынан бастап пайдаланусыз жатқан 8 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды.

«Ауыл аманаты» арнайы бағдарламасы бойынша ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс басталды. Осы мақсаттарға 1 трлн теңге, оның ішінде, биылғы жылы 100 млрд теңге бағытталады. Бұл 350 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 1 млн-нан астам ауыл тұрғынының табысын арттыруға оң ықпал етеді. Бүгінгі күні 29 млрд теңге сомасында 5,3 мың шағын кредит берілді. Нәтижесінде 4,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды – деді Үкімет басшысы.