Шикізаттық емес тауар айналымы 21,7% өсті
Биылғы 7 айда шикізаттық емес тауардың экспорты 14,2 млрд долларды құрады.
Шикізаттық емес тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 21,7% өсім көрсетті. Бұл жайында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев баяндады. Биылғы қаңтар-шілде аралығында қызметтер экспорты 16,7%-ке жоғарылап, 2,1 млрд долларды құраған. Шикізаттық емес экспорттық тауарлардың үздік үштігіне мыс пен мыс катодтары, ферроқорытпа және уран кіреді.
Қазақстан экспорты негізінен Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Нидерланд елдеріне бағытталады. Болашақта Еуроодақ пен Орталық Азия аймақтарына да басымдық беріледі.
Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- Бүгінде 100-ден астам компания халықаралық сауда іс-шараларына қатысты. Бұл – 7 елдегі сауда миссиялары, Қытайдағы халықаралық көрме. Биылғы бірінші жартыжылдықта мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 500 млн доллардан астам сомаға экспорттық келісімшарттар жасалды. Экспортты ілгерілету, экожүйесін жақсарту бағытында белсенді заңнамалық жұмыс жүріп жатыр.