Өнеркәсіптік әріптестік – уақыт талабы
Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік негізінде 30 жоба жүзеге асты.
40-тан астам ірі жоба келешекте іске қосылмақ. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «ИННОПРОМ. Қазақстан» өнеркәсіптік көрмесі аясындағы «Жаңа заманның стратегиялары» бас пленарлық сессиясында белгілі болды. Форум жұмысына Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустин, Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко және Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров қатысты. Толығырақ әріптесім Нұрқанат Қанапия баяндайды.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Иннопром.Қазақстан көрмесіндегі басты іс-шара өнеркәсіптік форум болды. «Жаңа заманның стратегиялары» аталған пленарлық сессияға бірнеше Үкіметтің басшылары қатысты. Талқыланған негізгі тақырып өндірістегі интеграция, энергетикалық қауіпсіздік.
Былтыр Қазақстаның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен тауар айналымы рекордтық межені еңсерді. 10 пайыздан асып, 30 млрд АҚШ долларын құрады. Үкімет өңдеуші сектерды жеделдетіп дамытуға баса көңіл бөліп отыр. Басты мақсат – 2030 жылға қарай дайын тауар экспортын 225 млрд долларға жеткізу.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Соңғы 5 жылда өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 2,2 есе, ал саланың жалпы қосылған құнының көлемі 2,3 есе өсті. Ал, еңбек өнімділігі 49 мың АҚШ долларына дейін өсті. Бұл экономика бойынша орташа көрсеткіштен 2 есе артық. Машина жасау саласы қарқынды дамып келе жатыр. Мәселен, 2022 жылы салаға рекордтық 0,5 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Осы жылдың 1-тоқсанында тікелей инвестициялар көлемі 208 млн АҚШ долларынан асты.
Өнеркәсіпті дамыту қоры тарапынан қолдау тапқан инвестициялық жобалар жемісін берді. Бұл бағытта 200 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сондай-ақ бүгінгі таңда жалпы құны 150 млрд теңге болатын бірнеше жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазіргі уақытта сырттан инвестиция салуға дайын екендіктерін білдірген компаниялар саны көбейіп келеді. Пулда тау-кен металлургия кешені, машина жасау, мұнай-газ химиясы, химия, фармацевтика өнеркәсібі және басқа да салалар бойынша 1 мыңнан астам жоба бар. Бұл ретте ынтымақтастықтың негізгі басымдықтары терең өңдеу, барынша локализациялау, жаңа өнімдер өндіру және экспорттық әлеует болып айқындалды.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптестік байланысы нығыйып келеді. Қазіргі уақытта одақтың 25 сала бойынша индустриаландыру картасы жасақталды. Құны 26 трлн рубльді құрайтын жобалардың саны 150-ден асады.
Михаил Мишустин, РФ Үкіметінің төрағасы:
- Ресей Еуразиялық экономикалық одақ бойынша серіктестерімен қарым-қатынасты кеңейтуге күш салады. Бұл ретте, әрине, екіжақты қарым-қатынас достық, стратегиялық одақтастық және серіктестікке негізделген Қазақстанның орны бөлек. Былтыр еік ел арасындағы сауда айналымы рекордтық межені бағындырып, 2 трлн рубльге жуықтады. Ал биылғы 7 айда бұл көрсеткіш 10 пайызға артып, 1,5 трлн рубльден асты.
Әрине халықаралық деңгейдегі жобалардың жемісін жергілікті жердегі халық көруі тиіс. Қарағанды облысындағы Саран инвестициялық аймағында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің қатысуымен ондаған кәсіпорын салынды. 6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Жаңа жобаларды айтқан кезде, мысалы, «Татнефтьпен бірге «Каматайрес» шина зауыты салынып жатыр. Алла амандығын берсе осы жылдың аяғына дейін бірінші продуциялары шығады. Оның жанында тағы да үлкен ірі компаниялар кіріп жатыр. Прямошовные трубы дейміз, мына ЖКХ-ға байланысты, сол жерден тағы зауыт салынып жатыр. Жақында ғана «Технониколь» деген материалдарға изоляция жасайтын, солармен де келісім жасадық. Үлкен бір 200 орындық зауыт салып жатыр.
Форумда цифрлық трансформация тақырыбы да талқыланды. Қатысушылар цифрлық жүйе күнделікті тұрмыста сәтті жүзеге асқанын атап өтті. Ендігі міндет – нақты сектордағы қолданыс аясын кеңейту. Бұл бағытта тиісті деңгейдегі келіссөздер жүргізілмек.
Нұрқанат Қанапия, Серік Қоңырбаев