Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы артады

Қазақстан мен Өзбекстан энергетика, химия, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және көлік саласында 24 бірлескен инвестициялық жобаны қолға алды.

Одан бөлек 7 сауда келісімі жүзеге асып жатыр. Бұл жайында Ташкентте өткен екі ел үкіметі өкілдерінің кездесуінде айтылды.

Тараптар өзара ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылап, арадағы тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу жайын сөз етті.

Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азия төңірегінде бұрын-соңды болмаған халықаралық өнеркәсіптік кооперация кешенін құруға кірісті. Ол іргелес жатқан Түркістан және Сырдария облыстар аумағында орналасады. Келешекте мұнда екі ел кәсіпкерлері еркін тауар алмасуға мүмкіндік алады.

Қазақстанның сауда және интеграция министрі бұл жолы өзбекстандық әріптесімен орталықтың нормативтік-құқықтық базасын талқылады. Әрі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жайына тоқталды.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Талқылау барысында бірлескен жобаларды тежеп тұрған мәселелерді шешетін болып келістік. Осы іспен жаңадан құрылатын жобалық кеңсе айналысады. Ауыл шаруашылығы, химия және энергетика саласын қамтитын сауда айналымына еш кедергі жасалмайды. Жобалық кеңсе апта сайын алыс-беріс қарқынын қадағалап отырады. Көлік-транзит саласындағы тариф саясатына қатысты да өз ұсыныстарымызды жеткіздік. 

Екі ел күз және қыс айларында бірін-бірі аграрлық өніммен тұрақты қамтамасыз етпек. Бұл іс ішкі нарықтағы тапшылықты болдырмай, бағаның өсуіне жол бермеуге көмектеседі. Нәтижесінде сауда-саттық көлемі де ұлғаяды.

Қазақстан Өзбекстанның сыртқы сауда серіктестерінің тізімінде Ресей мен Қытайдан кейін 3-орында. Биылғы қаңтар-тамыз аралығында тауар айналымы 2,9 млрд долларға жетті.

Ләзиз Құдратов, Өзбекстанның инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі:

- Өнеркәсіптік кооперация саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде ортақ келісімге келдік. Көлік құрастыру, электрлі қондырғылар жасау, тоқыма және құрылыс материалдары өндірісінде батыл бастамалар бар. Ауыл шаруашылығы бойынша да жұмысты ілгерілетуге уағдаласып отырмыз.

Шекаралық өткізу пункттері кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. Қазақстан жаңа кейіпке енген 4 кеден бекетін көп ұзамай қолданысқа береді. Өзбекстан да өз аумағында осындай жұмысты бастап кетті. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Екі елдің тауар айналымы былтыр 5 млрд долларға жуықтаған еді. Көрсеткішті екі есе арттыру көзделіп отыр. Ол үшін шекара маңы, өңірлік ынтымақтастық және кооперация мәселелері оң шешімін табуға тиіс. Өзбекстандық бизнес осы күні еліміздегі жеңіл өнеркәсіпті өрістетуге атсалысып жатыр. Оның нәтижесінде Түркістанда толыққанды тоқыма кластері құрылады. Ал Қазақстан Ташкент пен оның іргелес аймағында бірқатар құрылыс жобасын қолға алды. Жалпы мұнда еліміздің азаматтары қаржы құйған 1258 компания жұмыс істейді.

Рауан Мыңбаев, Азамат Бейшентаев