Қостанай облысында егін орағының барысы ойдағыдай емес
Қостанай облысында егін орағы науқанының барысы ойдағыдай емес.
Өңірде күзгі дала жұмыстары қиын жағдайда өтіп жатыр. Себебі толассыз жауған жауын диқандарды әбден әбігерге салған. Өңір шаруалары әзірге науқанның жартысын ғана еңсерген. Бүгінде аймақта ауа райы тұрақталып, қырда қайта қарбалас басталды.
Қостанай облысында егін орағы науқанының барысы ойдағыдай емес. Өңірде күзгі дала жұмыстары қиын жағдайда өтіп жатыр. Себебі толассыз жауған жауын диқандарды әбден әбігерге салған. Өңір шаруалары әзір науқанның жартысын ғана еңсерген. Бүгінде аймақта ауа райы тұрақталып, қырда қайта қарбалас басталды.
Борис Князев үшін 54-орақ науқаны қиынға соқты. Ризығын жерден табатын диқан 116 мың гектар жерге ырыс дәнін сіңірген. Толассыз жауған жауынның салдарынан жұмыстар кестеден кешеуілдеп жатыр.
Борис Князев, шаруа:
- Қыркүйек айында 16 күн бойы жауын жауды. Салдарынан күзгі жиын-терім жұмыстары қиын жағдайда өтіп жатыр. Алдағы уақытта күн райы тұрақталмаса, егінді жинап үлгермеуіміз де мүмкін.
Бүгінде Қамысты ауданында жалпы алқаптың 10% -тен астамы ғана жиналды. Астықтың сапасы көңіл көншітпейді. Сондықтан, агроқұрылым басшыларының көбі бидайды мал азығына пайдаланбақ.
Жандос Нұржанов, Қамысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Астықты кептіру бойынша мәселе туындап отыр. Себебі ауданда небәрі осындай 7 кәсіпорын бар. Ал бұл бізге аздық етеді.
Қостанай облысының диқандары биыл 4,5 млн гектар алқапқа астық екті. Әзірге оның тек 47%-і бастырылды. Гектарынан алынатын өнім көлемі 9 центнер шамасында. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе төмен.
Дмитрий Евстафьев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Тамызбен қыркүйек айында өңірде 85 миллиметр жауын жауды. Сәкесінше бұл астық жинау жұмыстарын қиындатып жіберді. Соңғы уақытта жағдай тұрақталып, жұмыстар қайта басталды. Дегенмен астықтың сапасы төмен. Бүгінде бидайдың ылғалдылығы 16-20 % құрап отыр.
Жалпы өңірде 37 астық қабылдайтын арнайы орын бар. Оның жалпы сыйымдылығы 3 миллион тоннадан асады. Бұл кәсіпорындарда алқап басынан жеткізілген бидайды кептіруге мүмкіндік бар.
Самат Қайырденұлы, Артём Грапов, Сергей Трахтенберг