Ақмола облысында егіннің жартысынан астамы жиналды
Ақмолалық шаруалар егіннің жартысынан астамын жинады.
Нақтырақ айтсақ, 3 млн 100 мың гектар алқаптың астығы орылған. Бұл жалпы егістік аумағының 64 проценті. Ал орташа өнімділік гектарына 5 центнерден асады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе төмен.
Атбасарлық диқандар қолайлы ауа-райын пайдаланып орақ науқанына қызу кіріскен. Тіпті, орылған астықтың бір бөлігін бірден элеваторларға тасымалдап жатыр. Айталық, жергілікті шаруалар күзгі жиын-терім науқанын бір жарым ай кешігіп бастады. Енді олар күн-түн демей бар астықты уақытылы жинап алуға ниетті.
Фаниль Ғабдулхаков, шаруа қожалығының бас агрономы:
- Қазір егіс алқабының орылмаған 30 проценті қалды. Ауа-райы қолайлы болып тұрғанда жинап алуға тырысып жатырмыз. Бірақ соңғы жауған жауындар астықтың сапасын төмендетіп жіберді.
Шаруалар астықтың сапасы бұзылса бағасы да құлдырай ма деп қауіптенеді. Оның үстіне шылқып су болған бидай тұқым мүлдем жарамсыз болуы мүмкін.
Фаниль Ғабдулхаков, шаруа қожалығының бас агрономы:
- Қазіргі негізгі мәселеміз тұқым қоры болып тұр. Қайдан аларымызды білмейміз. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан көмек боларына үміттенеміз. Ал орылған бидайды элеваторларға апарып жатырмыз. Сапасы төмен болғасын бағасына да әсер етуде. Сатып алушылар да жоқ.
Ал жауын астында қалған астықты кептіруге Үкіметтен қосымша дизель отыны бөлінді. Қазіргі уақытта 20 мың тонна жанар-жағармай жеткізіліп, аудандардағы шаруаларға үлестіріліп жатыр. Сала мамандары әзірге бидайдың бағасына қатысты нақты ақпарат бере алмайды.
Еркеш Әленов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Бидайдың сапасы биыл нашар. Бірінші, екінші класстағы бидай жоқ деп айтсақ артық емес. Үшінші класстағы аздау. Көбі төртінші және бесінші класс болады. Енді бағасы әлі шыққан жоқ. Біз министрлікке өз ұсынымызды жібердік. Қазір күтіп отырмыз.
Ауа-райының қолайсыздығынан зардап шеккен диқандар несие өтеу мерзімін тым болмағанда 1 жылға ұзартуды сұрап отыр. Бұлай болмаған жағдайда, жергілікті шаруа қожалықтары банкротқа ұшырауы әбден мүмкін. Қазіргі уақытта бұл мәселе ауыл шаруашылығы министрлігінде қаралып жатыр.
Абзал Балтабаев, Евгений Шинкоренко