Шығыста 90 мың гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды
Шығыс Қазақстан облысында игерілмей жатқан 90 мың гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды.
Тек қана Тарбағатай ауданынан 19 мың гектардан астам алқап анықталды. Ал Самар ауданында енді 17 мың гектардан астам жер жұмыс істейтін шаруаларға беріледі. Мамандардың айтуынша қоластындағы қараусыз жатқан жер телімін ерікті түрде өткізіп жатқан кәсіпкерлер де баршылық.
Марат Құмаров Самар ауданында мал да бағып, егіннің де ебін тауып жүрген азамат. Әр телімнің қадірін жақсы біледі. Бидай, жарма, жүгері, тіпті мал азығының түр-түрін егеді. Иелігіндегі алқап аумағы 10 мың гектардан асады. Жақында бір мың гектарын жеке бөлінген шаруаға, ал екі мың гектарын мемлекет меншігіне өз еркімен қайтарды. Айтуынша мал-жаны мен шаруашылығына қалған жер де жетеді. Бос жатқан аймақ бір іске жараса болды, дейді.
Марат Құмаров, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Үкіметке 1997 гектар жер өткіздік. Мынадай табиғатымыз бар, жайылым жер бар,егіс жер бар, бұндай ештеңке бос жатпау керек, еліміз үшін халқымыз бәрі жұмыс істеу керек.
Самарда жер еміп отырған жан көп. Тіпті қаладан арнайы келіп шаруашылыққа бет бұрып жатқандар да бар.Сол себепті иесіз, игерусіз жатқан учаскелер алтынмен тең. Осы күнге дейін ауданда жалпы 17 мың гектардан астам жер мемлекет теңгеріміне өтті. Жыл соңына дейін тағы 4 мың гектар жер қайтарылады.
Нұрлан Махамбетов, Самар ауданының әкімі:
- Осы қайтарылған жер 1 желтоқсаннан бастап толық рәсімделеді, яғни айналымға енеді. Содан соң біз конкурс өткізіп, талапқа сай шыққан азаматтарға беретін боламыз.
Осылайша Самарда жайылымға зар болып отырған үш елді мекендегі малдың енді өз өрісі болады.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Жер тапшылығы әсіресе малшыларды тығырыққа тіреп тұр. Облыста қазіргі таңда 80 мың гектарға жуық жайылым жетпейді. Бұл мәселені шешудің түрлі жолдары қарастырылып жатыр. Мысалы, осы біз тұрған Ұлан ауданында орман шаруашылығына тиісті жер теліміне мал бағуға рұқсат етілді.
Сонымен қатар бұдан былай өлкедегі өнімсіз егіс алқаптарын жайылымға алмастыру әдісі де қолданылмақ.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов