Елордада Ақмола облысының жәрмеңкесі өтіп жатыр

Елордада ауыл шаруашылық өнімдерінің кезекті жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Екі айға жалғасқан бұл шараны Ақмола облысы қортындылайды. Өңірдің басқа облыстардан ерекшелігі мұнда волентерлер сатып алушыларға жеткізу қызметін көрсетіп отыр. 

Ақмола облысының 100-ден астам шаруасы бұл жәрмеңкеге 300 тоннадан астам өнім әкелді. Сөреге 50-ге жуық тауар түрі қойылды. Оның ішінде 100 тонна ет және шұжық өнімдері, 2 тонна балық, 400 мыңнан астам жұмыртқа, шамамен 20 тонна сүт және сүт өнімдері, 50 тонна картоп, көкөніс және басқа да өнімнің түрлері бар. Мұндағы баға нарықтан 10-15 пайызға арзан. 

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Осы президентіміз қойып отырған талаптарға сай осы ауыл өнімдерін терең өндеу, оны халыққа жеткізу. 2 күн осы жәрмеңке болады. Халықтың бүгінгі сұранысына қарап ертен тағы да осы жаққа сапалы өнімдерді әкелеміз. 

Ақмола облысының өзге облыстарға қарағанда ерекшелігі мұнда шаруалардан бөлек, волонтерлер де келген. 150-ге жуық азамат екі күнге бөлініп, тұтынушыларға көмек қолын созады. Олар сатып алушының өнімдерін кез-келген жерге тегін жеткізіп береді.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Біз осының алдында Көкшетауда үлкен жәрмеңке жасап едік. Сол кезде көзіміз жетті осындай қарт адамдар көп келетінің, азық-түлікті алу мөлшерлері де көбірек. Соны көріп есептеп, волонтерларды әкеліп  адамдарға ынғайлы болсын деп көлігіне дейін жеткізуге жағдай жасап жатырмыз. 

Бақытжан Қожақайқызы, қала тұрғыны:

- Мына волонтер болғаны жақсы болды. Құдалыққа көп ет алып едім соны машинаға дейін апарып тастады. Өте ынғайлы, жақсы. Көп рахметімді айтам волонтерларға.

Барлық өнімдер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай. Сатушыларда өнімдердің шыққан жері, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар. Жәрмеңке ертең де жалғасады.

Әлішер Әли, Артур Горшняков