Костенко шахтасында екі жүзге жуық кемшілік табылған

Осы уақытта Костенко шахтасында өндірістік қауіпсіздік департаменті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқан екен.

Былтыр бұл кен орнында 200-ге жуық кемшілік анықталған.

Қазір барлық күш шахтадан шыға алмай қалған кеншілерді іздеуге жұмылдырылды. Позициялау жүйесі болмағандықтан олардың нақты қай жерде екені белгісіз. Әзірге шамамен болжап отыр. Апат 700 метр тереңдікте болған. Мамандардың айтуынша, алдымен өрт тұтанып, 8 минуттан кейін жойқын жарылыс болған. Жалын 2 шақырым жерге жайылған.

Геннадий Силинский, кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі ҚОФ директоры:

- Жарылыстың қатты болғаны сонша тіпті телекоммуникациялар істен шыққан. Жарылыс толқыны тек сол жердегі лаваға емес, К-2 деп аталатын көршілес лаваға да жеткен. Жоғалғандардың қай жерде екенін шамамен білеміз. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Костенко шахтасында соңғы рет 2018-ші жылы апат болған. Ол кезде де өрт шықты. Бірақ адам өлімі болмады. ТЖ министрі кен орнында тексеру жұмыстарының  жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Былтырғы тексеріс кезінде біз осы жерден 212 тармақ бойынша талаптың орындалмағанын тапқан едік. Оның басым көбі жойылған. Жойылмаған тұстар апатқа себеп болды ма деген күдік бар. Бірақ оны сараптама мен мемлекеттік комиссия анықтайтын болады.

Қазір 23 науқас ауруханада жатыр. Көбінің жағдайы тұрақты. Мамандар кеншілердің өміріне қауіп жоқ дейді.

Жасұлан Хасенов, Мақажанов атындағы көп бейінді аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Жағдайлары бір қалыпты. Оның біреуі жансақтау бөіліміне келіп түсті. Сонда ем, диагностикасын жасадық. Қалғаны токсикология бөлімінде жатыр. Астанадан екі дәрігер келіп, кеңестерін беріп, консилиум өтті.

Кен орнында 1400 адам жұмыс істеген. Металлургиялық комбинатқа қарасты барлық 8 шахта уақытша жұмысын тоқтатты. Мамандар шахталарда газдың бар-жоғын тексеріп шығад.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар