Жаркентте алты мың тонна көкөніс сақтайтын қойма салынып жатыр
Жетісу облысының Жаркент қаласында 6 мың тонна көкөніс сақтайтын қойма салынып жатыр.
Нысан ашылса, жергілікті шаруалардың өнім өткізуі жеңілдейді. Себебі серіктестіктегілер бағбандар өсіретін жеті мың тонна жеміс-жидекті қабылдай алады. Әрі оны отандық және көршілес мемлекеттің нарығына шығаруға мүмкіндігі бар. Кәсіпкер аталған жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асырды.
Аянат Тохтахунов мың тонналық қойманың құрылысын былтыр аяқтады. Сынақтан өткізіп, тиімділігін байқаған соң биыл да молынан өнім сақтауға кірісті. Негізінен қыстыгүні көп сұранысқа ие болатын алманы алыс-жақыннан алдыртып жатыр.
Аянат Тохтахунов, кәсіпкер:
- Панфилов ауданындағы халық саны 150 мыңнан асады. Біздің аймақта мұндай қойма болмаған. Сондықтан осы жобаны қолға алдық. Жергілікті шаруалардан өнім алдық, енді Қытай мен Ираннан алма сатып аламыз. Келешекте өңір тұрғындарын көкөніспен қамтуды және өндіріс орнын ашуды жоспарлап отырмыз.
Жаркент өңірінде мыңнан аса бағбан жеміс-жидек өсірумен айналысады. Кәсіпкер келер жылы солармен тығыз байланыс орнатпақ. Сөйтіп күзде жергілікті шаруалардың өнімін алып, қыста нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Ол үшін алты мың тонналық қойма құрылысын қолға алды. Облыста осындай тағы екі нысан салынады.
Нұржан Әміров, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- 24 жылға инвестициялық жоба бойынша екі жобамыз бар. 5 мың тоннаға жоспарланып отыр. Біреуі Панфилов ауданында біреуі Талдықорған қаласында. Оның ішіне көкөніс картоп сәбіз, жеміс-жидек экспортқа және ішкі нарықта сатылуға жоспарланып жатыр.
Өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтитын 31 қойма бар. Онда биыл 40 мың тоннаға жуық жеміс-жидек пен көкөніс сақталады.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев