Орталық Азияда шетелдік инвестициялардың 70% елге тиесілі
Орталық Азиядағы шетелдік инвестициялардың 70% Қазақстанға тиесілі.
Өткен жылы тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 18%-ға өсіп, 28 млрд долларға жетті. Биыл 6 айда ұлттық экономикаға тағы 14 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Еліміздің тәуелсіз кредиттік рейтингісінің тұрақтылығын Fitch, S&P және Moody's халықаралық агенттіктері растап отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов VI Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел кезінде айтты. Үкімет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігін жариялағанын еске салды. Атап айтқанда, Үкімет алдына 2029 жылға қарай экономика көлемін 450 млрд долларға дейін арттыру бойынша ауқымды міндет қойылды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Бұл ең алдымен импортқа тәуелділікті төмендетуді талап етеді. Импорт үлесі әлі де 46 пайызды құрап отыр. Мәселен, мұнай-газ саласында сатып алулардың ең үлкен үлесі 3 ірі консорциумға тиесілі. Бұл бүкіл энергетика саласындағы сатып алулардың 75 пайызы. Жыл басынан бері сатып алулардың көлемі 3,5 трлн тг құрады. Оның 1,9 трлн теңгесі жергілікті мазмұн үлесіне беріліп отыр. Оның небәрі 9 проценті ғана тауарларға тиесілі. Басқа салалар туралы айтатын болсақ, тау-кен секторында сатып алынатын отандық тауарлардың үлесі - 15 процент. Машина жасауда 13,5 процент. Фармацевтикада 20 процент. Сондықтан "Атамекен" ҰКП қатысуымен өндірушілер мен ірі кәсіпкерлер арасында іскерлік байланыстар орнату бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру маңызды.