«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 7 жылға ₸1 трлн бөлінген
Ауылдағы бизнеске деп бөлінген қаржы еселеніп, ел экономикасына қайтарылуы тиіс.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 7 жылға 1 трлн теңге бөлінген. Енді қомақты қаржының шашауын шығармай, тиімді басқару үшін арнайы скрининг жүйесі қолданылады. Бұл да Президенттің сайлауалды бағдарламасында қойылған міндеттің мінсіз атқарылуы қажет тетік.
Доскен Күсемісов – Жамбыл облысы Кеңес ауылының тұрғыны. Мал шаруашылын өрбітіп, шағын азық-түлік дүкенін ұстаған ол енді көлік жуу орны, шаштараз, монша және құрылыс заттары дүкенін ашпақ. Кешенге қажетті жабдықтар алу үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 6,5 миллион теңге қолдау қаржы алды. Енді жаңа кәсібін іске қосып, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Доскен Күсемісов, Кеңес ауылының тұрғыны:
- Болмайтын заттар болады, пластик құбырлар. Бағасы – 100 теңге. Оны қалаға барып алу үшін 1000 теңгеге бензин құясыз. Осы жерден ауылдан ыңғайлы болсын деп осы жерден ашып жатырмыз құрылыс дүкенін. Бағдарлама тиімді болып тұр. Пайызы төмен. Каникулы бар екен жыл.
Ел экономикасындағы ауыл шаруашылығының алар орны бөлек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол себептен «Ауыл аманаты» жобасының іске асуына мән беріп келеді. Ауыл халқының өнім өндіріп, табысты арттыру үшін бағдарлама аясында 7 жылға 1 трлн теңге қарастырылған. Биыл 100 млрд-ы бөлінді. Әр теңге тиімді жұмсалып, қайтарымы болуы үшін тексеру жүйесі қолданылады. Бұған дейін ауыл әкімдеріне 160-тан астам сұрағы бар сауалнама жіберілген еді. Нәтижесінде талдаудан өткен ақпарат арнайы базаға енгізілген.
Эльдар Жұмағазиев, «AMANAT» партиясының хатшысы:
- Қазір Астанада отырып, біз қай ауылдың экономикалық перспективасы бар, қайсынікі жоқ, соны қазір көріп отырмыз. Соған байланысты келесі жылдан бастап фильтр қойылады. Әр ауылдан келген әкімдер өтінім береді қаражатқа. Бірақ біз оларға айтамыз, «сіздің ауылыңыз бойынша экономикалық перспектива бар ма, жоқ па?» Бар болса, онда «Ауыл аманаты» бойынша ақша бөлінеді.
Нұрлан Сакуов, ҚСЗИ директорының орынбасары:
- Президенттің сайлауалды бағдарламасында орта мерзімдегі міндеттер қойылып, олардың 7 жылдың ішінде іске асырылуы көзделген. Биыл ауқымды шаруа атқарылды деп айта аламыз. Оның ішінде жаңа экономикалық модельге сәйкес шикізатқа тәуелділіктен арылып, мықты өндіріс жүйесін түзіп, әртараптандырылған экономика құруда бірқатар қадам жасалғанын көріп отырмыз.
Оның ішінде шағын және орта кәсіпті қолдау бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр, - дейді сарапшы. Мәселен, биыл наурыздан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 2,5 пайыздық мөлшерлемемен шағын несие бөліне бастады. Бүгінде жалпы сомасы 24 млрд теңге болатын 5 мыңнан астам өтінім қанағаттандырылды. Осының бәрі Президент тапсырмасына сәйкес ауылдағы бизнестің дамуының алғышарты саналады.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Мерей Бает, Мейрам Жүнісов.