24 млрд теңге. Жас кәсіпкерлерге жасалған жағдай
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың бизнес бастамаларына жеңілдетілген несие беру тапсырмасы аясында биыл 24 миллиард теңге бөлінді.
Мемлекеттің бұл қолдауын солтүстікқазақстандықтар да көрді. Өңірде қандай жобалар жүзеге асты?
Анар Хамзина бұрыннан жеке сауда орнын ашуды армандаған. Бірақ мүмкіндік болмады. Биыл мемлекеттік бағдарламаға қатысып, 5 млн теңге несие алды. Енді төсек-орын жабдықтары мен киім-кешек сатады.
Анар Хамзина, жеке кәсіпкер:
- Бұл жастар үшін зор мүмкіндік. Мемлекеттік бағдарламаның шарттары өте тиімді. Тек қорықпау керек. Бәрін өз қолыңа алып, тәуекелге барған жөн. Енді тауар түрін көбейтіп, одан әрі дамуды ойлаймын.
2,5 пайыздық несие Анар секілді талай жастың жолын ашты. Мысалы Солтүстік Қазақстан облысында олардың бизнес жобаларын қолдауға 650 млн теңге бөлінді. Қаржының басым бөлігі ауыл жастарының үлесіне тиді.
Серік Тоқымбетов, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
- 400 млн теңгеге жуық несие ауыл шаруашылығына бөлінді. Қалғаны қызмет көрсету түрлері мен тасымалдау саласына алынды. Бұл бағдарламаға 35 жасқа дейінгі кез келген адам қатыса алады.
Президент Жолдауынан кейін жастарға жылдық өсімі небәрі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. «Оның шарттары өте тиімді», - дейді сарапшылар. Биыл Қазақстан бойынша 5 мыңнан аса жоба қаржыландырылды.
Әсел Самаратова, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
- Бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетті. Кәсіп ашуға ынталы жастар да көп. Себебі несие өте төмен пайызда беріледі. Оның үстіне жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жас кәсіпкердің аяққа тұрып кетуіне мүмкіндік береді.
Солтүстік Қазақстан облысында 14 мыңға жуық жас кәсіпкер тіркелген. Мемлекет қолдауы олардың қатарын тағы да арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков, «Хабар-24», Петропавл.