СҚО-да машина-трактор паркі жаңартылып жатыр
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 2,5 мың ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Диқандар ескінің орнына өнімділігі жоғары заманауи комбайн, тракторларға мініп жатыр. Кеткен шығынның бір бөлігі мемлекет есебінен қайтарылады. Машина-трактор паркін жаңарту қаншалықты маңызды?
Дастан Нұғыманов – машина-трактор шеберханасының меңгерушісі. Биыл шаруашылыққа тұқым сепкіш, трактор және комбайн алынды. Оның ішіндегі егін жинау кешендері орақ науқанына шығып үлгерді.
Дастан Нұғыманов, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі:
- Жаңа комбайндар енді мықты ғой бұлар. Бұлар кез келген «волокты» алады. Мысалы, бізде магдондар бар, магдондарды шауып, үлкен-үлкен егінді 2 «волок ложить» етсе, соларды да ала береді. Қақалмайды. Айналымы көп.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында егін орағына 7,5 мың комбайн жұмылдырылды. Қазір жаңа техника алған шаруаларға мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. Яғни, шығынның 4/1 бөлігі инвестициялық субсидия арқылы өтеледі.
Мейрам Меңдібаев, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Мемлекеттік үлкен жұмыс жасалып жатыр осы қаражат жағынан, субсидия жағынан. Осы жылы осы техника алғандарға 11 млрд теңгеден астам субсидия берілді. Өткен жылы 14,5 млрд теңге сомасы болды.
Ресми мәлімет бойынша еліміздегі қолда бар ауыл шаруашылығы техникаларының 80%-і тозған. Сондықтан Президент өз Жолдауында жыл сайын оларды 8-10%-ке жаңартуды міндеттеді. Бұл өнімділікке де оң әсер етеді, - дейді сарапшылар.
Мұхтар Әшірбеков, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы:
- Соңғы кездері елімізде, әсіресе мынау Қазақстанның солтүстік өңірінде тек астықты өлке ретінде танымай, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында өнім түрлерін көбейту көзделген. Сол себепті техника түрін де көбейту өте қажет.
Петропавлда комбайн зауыты жұмыс істейді. Биыл кәсіпорында 500-ден аса техника құрастырылды. Енді тіркемелер шығару көзделген. Инвестиция 1,5 млрд теңге болады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.