Қазақстан мен Оңтүстік Корея кәсіпкерлері бас қосты

Биыл 10 айда Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы тауар айналымы 5 миллиард 300 мың долларға жетті.

Бұл туралы Қазақстан елшісі Нұрғали Арыстанов Чонджу қаласында өткен екіжақты экономикалық форумда мәлімдеді. Дипломатиялық өкілдік басшысының айтуынша, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Оңтүстік Корея Қазақстанға 717 миллион доллар көлемінде инвестиция құйған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 30 пайызға көп. Форум аясында екі елдің ірі компаниялары басшыларының кездесулері өтті. Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланды. Оңтүстік Кореяда қазақстандық балмұздақ шығаратын зауыт салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Андрей Шин, Азық-түлік компаниялар тобының президенті:
- Біз өз өнімдерімізді Кореяға жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бұл сегментте тек Қазақстанды немесе ТМД елдерін ғана емес, бүкіл әлемді таң қалдыруға дайынбыз.

Мун Сон Хо, Сауда компаниясының директоры:
- Қазақстан мен Корея арасындағы сауда-саттықтың қарыштап дамуына кедергілер бар. Оны қос тарап та біледі. Бүгінгі форумда осы мәселелер талқыланды. Алдағы уақытта шешімін табады деген үміт бар. Екі мемлекеттің де ауыл шаруашылығы саласында мүмкіндіктері зор. Біз соны пайдалануымыз керек.