«Бейбіт» атом – болашақтың қуаты

Орталық Азияда әсіресе Қазақстанда жаһандық жылынудан климаттың өзгеруі жылдам жүріп жатыр.

«Мұздықтар еріп, өзен-көлдер деңгейі төмендеп жатқаны – осыған дәлел», – дейді аймақты зерттеумен айналысып жүрген америкалық Эрик Руденшольд. Сарапшы: «Экологиялық апаттың алдын алудың бірден бір жолы – бейбіт атомның әлеуетін пайдалану», – дейді.

Айжан Сыдықова, тілші:

-АҚШ әлемде ең ірі ядролық энергия өндіруші саналады. Жаһандағы ядролық электр қуатының шамамен 30% оның үлесінде. Елде қазір 93 коммерциялық ядролық реактор жұмыс істейді. Жалпы өндірілетін қуаттың 1/5 бөлігін ядролық энергия құрайды. Бүгінде АҚШ жетілдірілген шағын реакторлардың негізіндегі алғашқы модульдік АЭС құрылысына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

АҚШ ядролық зерттеу комиссиясы NuScale компаниясының жаңа типтегі шағын модульдік реакторын екі жыл бойы тексерістен өткізіп, 2022  жылы сертификаттады. Оның артықшылығы реакторды зауытта толығымен жинауға болады және мерзімі біткен соң, дәл солай өндіріс қалдығына жібереді. Бұл тәсіл атом электр станциясының салу құнын төмендетіп, құрылыс уақытын жылдамдатады. Өткен жылдың нәтижелері бойынша жалпы атомдық электр станцияларына қажетті уранның 25% Қазақстаннан сатып алған екен.

Пьер Хандер, Wmc energy компаниясының өкілі:

-Қазақстанда уранның үлесі өте көп. Қазақстандық урансыз әлем бойынша атомдық бағдарламалар басқа деңгейде болар еді. Бүкіл әлем сіздерде уранның мол қорының бар болғанына және оны басқа елдерге сатуға дайын екені үшін алғыс айтады.

Былтыр АҚШ Президенті Джо Байден инфляцияны төмендету туралы заңға қол қойған. Заң бойынша жұмыс істеп тұрған ірі атом станциялары, жаңа жетілдірілген реакторлар және төмен байытылған уран өндірісі үшін салықтық жеңілдіктер мен инвестиция тарту қарастырылған. Бұл қолданыстағы және жаңа ядролық жобаларды қолдауға үлкен септігін тигізіп отыр. Энергетикалық депаратменттің мәліметінше АҚШ үшін атом энергетикасын дамыту, көміртегі шығарындыларын азайту және жаһандық климаттың өзгеруімен күрес басты бағыт саналады. Сарапшылар бұл мәселе әлем елдері үшін де маңызды екенін айтады.

Эрик Руденшолд, Каспий саяси орталығының аға ғылыми қызметкері:

-Қазақстанның атомдық энергияға көшкені табиғи, өйткені уран өндіруден көшбасшы ел. Елдің ұзақ ядролық тарихы бар. Мен білемін, негатив болуы мүмкін. Бірақ бұл бағытта халықаралық аренада болу өте маңызды. Процесске басқа елдерді тарту қажет.

Сарапшының ойынша, АҚШ және басқа елдермен халықаралық деңгейде жаңа шағын реакторлар технологиясы бойынша жұмыс істеу Қазақстан үшін тиімді әрі табысты болмақ. 

Автор: Айжан Сыдықова