«9-20-25» ипотекалық бағдарламасы кімге арналады?
250-формаға құны мың айлық есептік көрсеткіштен асатын дүниені көрсету керек.
Келер жылға айлық есептік көрсеткіш 3 мың 692 теңге мөлшерінде белгіленсе, демек декларацияға 3 млн 692 мыңның дүниесі ілігеді. Қымбат сағат, әшекей, құнды жәдігер, жан-жануар – мұның бәрі есепке алынуы мүмкін. Бұл жерде нақтылай кететіні – 1 заттың құны 3,5 млн-нан теңгеден асса ғана көрсеткен абзал. Ескерерлік тағы бір шарт: егер қымбат әшекейді мұра ретінде сақтап, оны сатуды жоспарламасаңыз – онда декларацияда көрсетпесеңіз болады. Сонымен бірге мемлекеттік базаға енгізілген жылжымайтын мүлік пен автокөлік, банк шоттарындағы ақшаны есепке алмаса болады. Ақпардың бәрін мекемелердің өздері салық органдарына ұсынады.
Максим Барышев, «Атамекен» ҰКП Алматы қаласы бойынша аймақтық кеңесінің төрағасы:
- Мемлекет капиталдың, жылжымайтын мүліктің, оның ішінде шетелдегі мүліктің қайдан шыққанын сұрамайды. Алайда, кіріс декларациясын тапсыру кезінде осы активтерді көрсетпесеңіз, кейін олардың қайдан келгенін дәлелдей алмайсыз. Яғни, мүлік пен активті сатқаннан кейін бұл табыстың қайдан, қалай келгенін дәлелдеу қиын болады. Мұндай жағдайда бұл қаражаттан жеке кіріс салығын төлеуге міндеттелесіз.
«9-20-25» ипотекалық бағдарламасы кімге арналады?
Мүлік дегеннен шығады. Отбасы банктің басшысы Ләззат Ибрагимова «9-20-25» жаңа бағдарламаға қатысты түсініктеме берді. Банк төрағасының айтуынша, бұл бағдарлама жұмысшы жастарға арналады. Нақтырақ айтсақ, соңғы бес жылда баспанасыз жүрген жастар ғана ипотека алуға өтінім бере алады. Бұл ретте, екінші нарықтағы дайын үйлерден ғана емес, «Қазақстандық тұрғын-үй компаниясы» кепілдігімен салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенінен де қарастыруға мүмкіндік берілмек. Сонымен бірге, отбасы банк басшысы жас ғалымдарды баспанамен қамтуға қатысты жоспармен бөлісті. 1-желтоқсаннан бастап Отбасы банк жас ғалымдардың баспанасына несие бөлу жобасын іске қосқан. Қазір ондаған өтінім келіп те түсті.
Жас ғалымдарға жеңілдетілген несие беріледі
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банкі» АҚ Басқармасының төрағасы:
- Ең қомақты несиенің сомасы 20 млн теңге болады, оны 19 жылға алуға болады. Бұл ғылыммен айналысатын жастардың алғашқы баспанасына қол жеткізіп, әрі қарай еліміздің игілігіне жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек. Төлемақысы да оңтайландырылды: ғалым 20 млн теңгеге баспана алса, алғашқы сегіз жылда 155 мыңнан қайтарады. Одан кейінгі төлем 84 мың теңгеге түспек.
Келер жылы базалық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін. Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы желтоқсан айының басында сала мамандары арасында сауалнама жүргізіп, осындай пайымға келді. Қысқа мерзімді болжамға сүйенсек, қаңтар айының басында АҚШ долларының құны 468 теңге 2 тиын шамасында, ал базалық мөлшерлеме 15,5 пен 15,25 пайыз деңгейінде болуы мүмкін.
Зарина Скрипченко, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшысы:
- Қаржы сарапшылары Қазақстандағы инфляцияның тежелуі сияқты факторларға сүйеніп, осындай пайымға келген тәрізді. Естеріңізде болса, биыл ақпанда инфляция 21,3% деңгейінде болған. Қарашада оның мәні 10,3%-ға түскен. Сондай-ақ, әлемдік орталық банктердің қатаң монетарлық саясаты мен дүниежүзіндегі азық-түлік бағасының төмендеуі есебінен де сыртқы инфляциялық қысым біраз азайды. Оған қоса, ақша-кредит саясатының кейінгі отырысының қорытындысы бойынша ұлттық банктің мәлімдемесі әсер еткен болу керек. 24 қарашада өткен отырыстан кейін реттеуші 2024 жылы инфляция бәсеңдесе, базалық мөлшерлемені де төмендететіні жайлы хабарлаған.
Ал орташа мерзімге арналған болжамға қарасақ, брент маркалы мұнай бағасы барреліне 86,4 АҚШ долларын құрауы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, алдағы бір жылда доллардың теңгеге шаққандағы құны 489 теңге 6 тиын шамасында болуы ықтимал. Жалпы ішкі өнім 4, ал инфляция 10 пайыз деңгейінде болмақ.
Әлемдік мұнай өндірісі төмендесе, ел экономикасына теріс ықпалын тигізеді дегенді жиі естиміз. Сарапшылардың бұл пікірі қаншалықты орынды?
Ұлттық банк келтірген мәлімет бойынша, былтыр елдің жалпы ішкі өнімінің 20 пайызы мұнай-газ секторының үлесінде болған. Биылғы 10 айды қорытындылаған қаржы министрлігі мұнайдан түскен кіріс бюджеттің 20 пайызын құрайтынын тағы айтты. Демек, мұнай өндірісі қысқарса қазынаға түсетін салым да қысқарады, сәйкесінше экономикалық өсім тежеледі. Дегенмен, жағдай түрлі сценариймен өрбуі мүмкін. Өйткені бұл нарық.