Қазақстан транзиттік хабқа айнала ала ма?

Қазақстан – Кәрі құрлық пен Қытайды жалғап тұр. Екі жақтың алыс-берісі көп.

Ал сол тауар біздің ел арқылы өтіп жатыр. Логистика бұлай дами берсе, транзит мұнайдың орнын басады. Сарапшылардың пайымы осындай.

Еуропа мен Азияның алыс-берісі көп. Алайда әлемдегі геосаяси ахуал осы екі өңірдің арасын ажыратып, байланысын қиындатты. Ал Қазақстанның аспаны да, жері де, суы да екі аймақты жалғап тұр. Бірақ біздің транзит көлемді тауарларды тасуға дайын ба?

Алдымен, ел ішіндегі дерекке көз жүгіртсек. Жыл басынан бері ел аумағында 900 млнға тоннаға жуық жүк жөнелтілді. Бұл былтырмен салыстырғанда шамамен 4 пайызға артық. Тауар тасымалының ең жоғарғы үлесі теміржолға тиесілі, 42 пайыз. Одан кейін автомобиль 29, құбыр арқылы 28 пайыз тауар кеткен.

Жолаушылар тасымалында да серпіліс бар. Биыл 1,5 млрдқа жуық адам жол жүрді. Осылайша, көрсеткіш шамамен 9 пайызға өсті. Пойызбен 18 млн адам қатынаса, ұшақ 12 млннан аса жолаушы тасыған. қалғаны автомобиль мен қоғамдық көліктің еншісінде.

Айбек Әбілдаев, Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы:

- Жолаушылар тасымалының ең көп үлесі, яғни 98 пайызы автомобиль көлігіне тиесілі. Оның ішінде автобуспен 1,3 млрд адам тасымалданды. Тағы 44,4 млн таксимен, тролейбуспен 32,7 млн және трамваймен 18,9 млн жолаушы тасымалданған.

Елде тауар тасымалы артты. Бұл үшін жолдар салынды. Салынып та жатыр. Бұл жолдар өзмізге ғана қызмет етіп тұрған жоқ. Еуропа мен Қытайды жалғап тұр. Транзиттің пайдасы да көл-көсір. Енді бұл пайда болашақта мұнайды айырбастай ала ма? Сарапшы Айбар Олжайдың айтуынша, Қазақстанның логистикалық хабқа айналуға әлеуеті жетеді. Бірақ қосымша жол, порт сынды инфрақұрылымды дамыту да естен шықпағаны жөн. Логистиканың жемісін сонда ғана көреміз.

Айбар Олжаев, сарапшы:

- Логистика өте жақсы нәрсе ғой, қосымша табыс береді. Негізі біздің логистиканың көбісі Қытайдан шыққан тауарды Еуропаға жеткізуге бағытталған да біздің негізгі жұмысымыз. Немесе Қытайдан шыққан тауарды әлемнің кез келген жеріне бағыттап жіберу. Қазір өзіміздің экономикамыз дамуына логистика өте керек. Өйткені тек шикізаттық экономикамен отыратын болсақ, кейін мүлдем артта қалып қоятын боламыз. Сондықтан логистиканы мұнайды айырбастай алатын құралдардың бірі ретінде айтуға болады.

Ал тасымалдан теңге табу үшін не керек? Сарапшының айтуынша теміржолда да, әуе қатынасында да кезек мәселесі болмағаны жөн. Каспий теңізінің тауар өткізу қуатын да арттыру маңызды. Әлемдегі әуе компанияларының қызығушылығын арттыруға да назар аудару қажет.

Айбар Олжаев, сарапшы:

- Теміржол составтарын алсақ, қосымша составтар жүретін рельтер салу. Бір рельске сыймай жатырмыз. Өйткені, Қытайға баратын рельсте кезек болып тұр. Сондықтан қосымша екінші ветка салу мәселесі тұр. Ол теміржолдың барлығы Каспийге келіп тірелсе,  Су астындағы жерді қазып, тереңдетіп, оған үлкен сухогруздар мен танкерлерді тоқтау мүмкіндігін ашу. Арзан авиакеросин жеткізуді қолға алсақ, бүкіл әуе компаниялары бізде тоқтайтын болса Астана мен Алматыда, әрі қарай ұшып кететін болса сонда біз нағыз хабқа айналамыз. 

Расымен, логистика жайлы сөз болғанда, инфрақұрылым ауызға бірінші түседі. Сапалы әрі кең жолсыз бұл саланы серпілтуіміз екі талай. Сол себепті қазір басты тауар тасымалдаушы болып тұрған теміржолға басымдық беру міндет.

Бекзат Аманов, Серік Қоңырбаев, «24.KZ».