Цифрлық теңге екі жылда енгізіледі
Биыл креативті индустрия саласындағы кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасалады.
Арнайы салық режимі 40 түрлі қызмет көрсететін компанияларға қарастырылған.
Олар корпоративті табыс салығы, жеке табыс салығы мен қосылған құн салығынан босатылады. Есесіне бірыңғай салық төлейді. Онысы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін 8 пайыз, ал жеке кәсіпкерлер үшін 2-4 пайыз мөлшерінде белгіленеді.
Мұндай салық жеңілдігі креативті саладағы 40 түрлі қызмет үшін белгіленіп отыр. Тізіп айтар болсақ, олардың қатарында кино және телевизия өндірісі, музыкалық дыбыс жазу, театр және музей қызметі, конференция және сауда көрмелерін ұйымдастыру, сәулет және дизайн, зергерлік және бижутерия өндірісі, халық шығармашылығы, қолөнер бар.
Жеңілдетілген салықтың негізгі шарттары мынадай. Шығармашылық өндірістегі қызметкер саны 200-ден, ал жылдық қаржы айналымы 2 млрд 200 млн теңгеден аспауы қажет. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық экономика және қаржы министрліктері бірлесіп креативті индустрияны қолдаудың осындай жекелеген пакетін әзірлеген еді. Айта кетейік, бүгінде бұл салада 133 мыңнан астам адам еңбек етеді. Енді 2025 жылға қарай 30 мың жаңа жұмыс орнын құрып, креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесін 5 пайызға жеткізу көзделген.
Еркежан Қалмақбаева, экономикалық зерттеулер институтының аға сарапшысы:
- Бұл 5 пайызға жетеміз деген индикатор міндетті түрде орындалады деп ойлаймын. себебі ол ел үкіметінің алдында тұрған басты мақсат-міндеттердің бірі. Креативті индустрия немес жалып креативті кәсіпкерлік деген ол кәдімгі кәсіпкерліктің бір түрі. Және де кез-келген кәсіпкер сияқты креативті кәсіпкер де мемлекет тарапынан қаржылық қолдауға да, қаржылық емес қолдауға да үміттене алады.
Рас, креативті индустрияның ел экономикасындағы үлесін зерделеп, бағамдауға жетерліктей мәлімет қажет. Енгізіліп отырған салық режимі бір жағынан мемлекеттік қолдаудың бірден-бір тетігі болса, екінші жағынан саладағы кәсіпкерлік субъектісі саны мен табысын анықтаудың амалы. Режисер-продюсер әрі креативті индустрия жөнінен кеңесші Айдар Баталов осылай дейді.
Айдар Баталов, креативті индустрия сарапшысы:
- Шын мәнінде мұндай салық режимі бірнеше мәселені шешіп отыр. Біріншіден, кәсіпкерлерге түсетін салық жүктемесін азайтып, нақты статистикалық мәлімет алуға көмектеседі. Тіпті секторларға бөлу арқылы мемлекет әрбір қызмет түрінің өсімін, оның әлеуетін бағамдай алады. Сәйкесінше, креативті индустриядағы қай салаға қандай ынталандыру шарасын қолдануға болатынын айқындауға септігін тигізеді.
2025 жылы қазақстандықтар цифрлық теңгемен ақша айырбасын іске асыратын болады. Ұлттық банктен хабарлағандай, пилоттық жоба былтыр сынақтан сәтті өткен. Қазір цифрлық теңгені мейлінше
қауіпсіз әрі пайдалануда ыңғайлы етудің жұмыстары жалғасып жатыр. Ол кәдімгі ақшаға пара-пар болмақ. Цифрлық теңге тауарлар мен қызметтерге карталар, QR, NFC және басқа да құралдар арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін валютаның бір түрі. Яғни оның көмегімен аударым жасауға болады. Мемлекеттік кепілдікке ие валютаның бұл нысаны жоғалған жағдайда қалпына келтірілуі мүмкін. Әрі интернетсіз-ақ офлайн-төлемдерді іске асыруға мүмкіндік береді.
Әйгерім Бабағалиева, ҚР Ұлттық төлем корпорациясы цифрлық теңге басқармасының бас сарапшысы:
- Біз барлық елдердің тәжірибесін қарастырамыз. Бірақ кез келген цифрлық валютаның орталық банктің алдына қойған мақсаттарына, міндеттеріне байланысты өзіндік ерекшеліктері бар екенін түсіну керек. Біз еліміздің экономикалық және қаржылық көрсеткіштерін ескердік. ЦT-ның ең жарқын ерекшеліктері – бұл Интернет желісіне қол жеткізбестен төлем жасау мүмкіндігі (офлайн төлемдер) және жоғары деңгейлі бағдарламалану, және ол смарт-келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді. 2025 жылы ЦT толық функционалы қол жетімді болады.
Қазақстандағы цифрландыру өндірістегі жұмыс күшін қысқартуға әкелмейді. Халық файнанс зерттеушілері осындай пайымға келіп отыр. Бүгін жарияланған баяндамада цифрлық технологиялардың еңбек нарығына тек 10 жылдан кейін ықпал ететіні келтірілген. Жалпы, Қазақстан күрделі экономика индексі жөнінен 133 мемлекеттің ішінде 81 орында тұр. Бұл қосылған құны төмен өндірістің жоғары үлесінен хабар береді. Халық файнанс сарапшыларының айтуынша, экономиканың басым бөлігі шикізаттық сектордың үлесінде. Шикізаттық емес өндіріспен арадағы теңгерім сақталмағандықтан, өнімділік төмен.
Осыған байланысты күрделі дағдыларды меңгерген жоғары біліктілікті маман тапшылығы әзірге 37 пайызды құрап отыр. Демек, еңбек нарығында орташа санаттағы жұмысшы саны басым. Ал цифрландыру дәл осы санаттағы еңбеккерді алмастыруы мүмкін. Дегенмен, экономикалық, құқықтық және этикалық кедергілерге байланысты кәсіпорындарды толық автоматтандыру таяу жылдары іске аспайды.
Бір жағынан, шикізаттық бағытқа ауытқуымыз Қазақстанды дамыған елдерден алшақтата береді. Экономиканың сыртқы шоктарға тәуелділігі (мысалы, мұнай бағасының төмендеуі сияқты), бюджеттің Ұлттық қор түсімдеріне тәуелді болуы тұрақты экономикалық дамуға кедергі келтіреді. Мұндай жағдай Қазақстанға жаңа технологияларды енгізу қарқынына әсер етіп, цифрландырудың жемісін көретін елдерден алыстатады.