Базалық мөлшерлеменің төмендеуі нені білдіреді?

Еліміздегі базалық мөлшерлеме деңгейі 15,75-тен 15,25%-ке дейін түсті.

Бүгін Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті осындай шешім шығарды. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі нені білдіреді? Сонымен базалық ставка ел экономикасына қалай әсер етеді? Сарапшылар не дейді?

Негізі мөлшерлеменің төмендеуі – несиелеу нарығы үшін жағымды жаңалық. Дей тұрғанмен кей бизнестің табысын еселеуге кедергі келтіретін фактор.

Базалық мөлшерлеме төмендеді

Базалық мөлшерлемені жарты пайыздық пунктіге төмендету – экономиканың қазіргі жағдайына сай қабылданған шешім. Ақша-кредит саясатының комитеті бұндай шешім шығармас бұрын макроэкономикалық, салалық және әлеуметтік факторлардың бәрін талдаудан өткізіп, ескерген. Инфляция 10%-тен төмендеді. Демек экономикаға қазір жақсы мүмкіндік туып отыр, - деді Ұлттық Банк төрағасы. Тимур Сүлейменовтың айтуынша, инфляция мен экономикалық өсімді теңестіру үшін базалық мөлшерлемені түсіру – уақыт талабы. 

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық Банкі төрағасы:

- Макроэкономикалық көрсеткіштерге үңілсек, экономиканың 5,1%-ке өскенін, ал инфляцияның 9,8%-ке түскенін көреміз. Әрине, мақтағандай болмайын, бірақ Үкімет, холдингтер және экономиканың өсіміне жауапты органдардың атқарған жұмысы жаман емес. Баға тұрақтылығына жауаптылар  да салыстырмалы түрде жұмысын қалыпты жүргізген. Экономикалық өсім 5,1% болмағанда ставканы қысып жібердік деп айтар едім. Ал экономикалық өсім 5,1% дегеніміз әлемдік деңгейден 1,5-2 есе көп. Демек қаржылық белсенділік бәсеңдеді деуге келмейді.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы қаңтардың басында базалық мөлшерлемеге қатысты сауалнама жүргізген еді. Респонденттердің 94%-і мөлшерлеменің төмендейтінін болжаған. Сол кезде оның диапазоны 25 базалық пункт пен 75 базалық пункт аралығында болатыны айтылды. Қауымдастықтың бірер апта бұрынғы болжамына зер салсақ, базалық мөлшерлеме 15-15,5% деңгейіне түсу мүмкін делінген.

Сарапшылардың бұл болжамы дөп келмесе де, төмендейді дегені расталды. Қауымдастық өкілі Рамазан Досовтың пікірінше, инфляцияны 5%-ке дейін түсіру үшін Ұлттық Банк мөлшерлемені әлі біраз уақыт жоғары ұстайды. Бұл ретте тауарлар мен қызметтердің құны және оларға деген сұраныс арасындағы тепе-теңдік орнамай, оның күрт төмендеуі екіталай.

Рамазан Досов, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бас сарапшысы:

- Ұлттық Банк 5 трлн мөлшерінде қаржыны теңгерімінде ұстайды. Осы қаражат аясындағы 50 базалық пункт дегеніміз – миллиардтаған теңге. Демек қаржы нарығындағы құралдардың ставкалары төмендейді. Көп ұзамай депозиттердің де мөлшері түседі. Бұл өз кезегінде несиелеу нарығына әсер етеді. Ең алдымен корпоративті кредиттің мөлшері өзгереді.

Сарапшының айтып отырғаны, бизнеске берілетін несие мөлшерлемесі төмендейді. Ал қарапайым халыққа бөлінетін несие ше?

Рамазан Досов корпоративті несиеге қатысты оң өзгерісті айтып отыр. Ал қарапайым халыққа келер болсақ, қазақстандықтар бөліп төлеу қызметін жиірек пайдаланады. Мұндайда тауар құны әу бастан толық есептеліп, енгізіледі. Сондықтан базалық мөлшерлеменің төмендеуі бөліп төлеу қызметіне әсер етпейді. Бірақ ипотекалық мөлшерлемеге оң ықпалын тигізеді.

 

Базалық мөлшерлеменің әсері

Рамазан Досов, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бас сарапшысы:

- Бұл ретте мемлекеттік саясаттың рөлі зор. Базалық ставка көтерілген кезде Отбасы банк те бағдарламаларының ставкасын екі мәрте көтерген еді. Тіпті ипотеканы бөлу шартын қатаңдатты. Енді мөлшерлеме төмендетілген тұста Отбасы банк ставкаларын қайта қарап, азайтуы мүмкін. Демек базалық мөлшерлеменің 50 пунктіге түсуі, тұтастай алғанда, оң ықпалын тигізбек.

Автонесиелеуге қатысты сарапшының пікірі мынадай. Несиеге көлік алушылардың төлем қабілеттігі төмендеу. Банктер үшін тәуекел жоғары болғандықтан, автонесиенің мөлшерлемесі сәйкесінше жоғары қойылады. Бірақ базалық мөлшерлеменің төмендеуі – автонесиелеу үшін де жағымды жаңалық.

  

Экономиканың жылдық болжамы

Енді қаржыгерлер қауымдастығының жыл басында берген орташа мерзімді болжамына тоқталсақ. Brent маркалы мұнай бағамы барреліне 85 доллар 40 центке жетуі мүмкін. АҚШ долларының рубльдегі құны 95-тен сәл асады. Ал төл валютамыздың долларға шаққандағы бағамы 484 теңге болмақ. Ішкі жалпы өнім 4,1%, инфляция 9,7% деңгейінде болуы мүмкін. Бұл болжам 12 айдан кейін растала ма – оны уақыт көрсетеді. Бұл – нарық!