Қазақстанда көмір экспорты 6,5 есе өсті
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес шетелге сатылған шикізат көлемі 8,5 млн тоннаға жетті.
Көмір қоры бойынша Қазақстан әлем елдері арасында алғашқы ондыққа кіреді. Көмірді басқа нарыққа тасымалдау артқанымен, қайта өңдеу саласы кенжелеп тұр. Көмірден қандай химиялық өнімдерді алып қымбатырақ сатуға болады?
Сарапшылардың сөзіне сенсек, көмірді қайта өңдеуден экономикаға қыруар қаржы әкелуге болады. Мысалы, Қытай осындай химиялық өнеркәсіптен 630 миллиард доллар тапқан.
Көмір экспорты 6,5 есе өсті
Қазақстанда көмір экспорты 6,5 есе өсті. Бұл Еуроодақ мемлекеттері тарапынан қазақстандық көмірге сұраныстың артуымен байланысты. Көрсеткіш алдағы уақытта да еселенеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, отын-энергетика кешенін дамыту тұжырымдамасында көмір өндіруді жыл сайын ұлғайту көзделген. Жақын арада Богатырь көмір кенішінде жаңа технология іске қосылады. Бұл өндірісті тағы 8 миллион тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазір онда 42 млн тонна көмір өндіріледі. Жалпы көмірдің 28%-і экспортталады.
Көмірдің тек 3% өңделеді
Ендігі мәселе қайта өңдеуде. Қазақстан метанол, полипропилен, аммиак сынды өнімдерді экспорттай алмайды. Бірақ өзімізде өндіруге мүмкіндік бар. «Көмірді терең өңдеу арқылы осы өнімдерді алуға болады», - дейді қазақстандық химия өнеркәсібі одағының өкілдері. Елімізде шығарылған көмірдің тек 3%-і ғана өңделеді. Онымен «КазАзот» компаниясы айналысады. Жылдық қуаты 400 мың тонна кәсіпорында аммиак, аммиак селитрасы, әлсіз азот қышқылы және минералды тыңайтқыштар шығарылады. Бірақ Қазақстанға бұл жеткіліксіз. Аталған одақтың басқарма төрағасы Олег Пак: «көмірді терең өңдеудің экономикалық ықпалы мол», - дейді.
Олег Пак, Қазақстан химия өнеркәсібі одағының басқарма төрағасы:
- 2021 жылы Қытай 220 миллион тонна көмір өңдеді. Осылайша, 630 млрд АҚШ доллар табыс тапты. Бұл біздің жалпы ішкі өнімнен үш есе көп. Біз осы кезеңде, яғни 2021 жылы энергия алуға 110 млн тонна көмір жібердік. Біздің деректерге сай барлығы 5 млрд долларға дейін алдық. Ал Қытай қазірдің өзінде шамамен 300 миллион тонна көмір өңдеді. Көмір өнімдерінің орташа қосалқы құны 25-30 есе көп. Яғни, осыған байланысты үлкен экономикалық өсім қалыптасады.
Өнеркәсіпті дамытуға инвестиция керек
Cарапшылардың пікірінше, көмір химиясы Қазақстан экономикасындағы серпінді салаға айналуы мүмкін. Қатты отынды өңдеуді дамыту үшін 15 жаңа кәсіпорын қажет. Онда 25 мыңға жуық жұмыс орнын құруға болады, - дейді Олег Пак.
Олег Пак, Қазақстан химия өнеркәсібі одағының басқарма төрағасы:
- Көмір химияөнеркәсібін дамытуға 20 мың доллар инвестиция керек. Салада ондаған өндіріс оны ашуға болады. Осының арқасында біз жыл сайын өнім өндіруді 40-50 млрд АҚШ долларына арттыра аламыз. Менің білуімше, қазіргі өндіріс 200 млрд доллар шамасында.
Еліміздегі отын-энергетикалық теңгерімге тоқтала кетейік. Ұлттық статистика бюросы әзіреге тек 2022 жылдың қорытындысын жариялаған. Онда өндірістік, тұрмыстық және экспорттық қажеттіліктерді қамтамасыз ететін отын мен энергияның түрлері көрсетілген.
Жалпы энергия тұтыну құрылымында көмірдің үлесі басым – 48,2%. Одан кейін табиғи газ 26,4%, мұнай және мұнай өнімдері жалпы энергия тұтынудың 23,5% құрайды.