Шымкент базарларын жаңарту онлайн қадағаланады
Шымкентте базарларды жаңғырту жұмыстары онлайн қадағаланады.
Тиісті ведомство өкілдері қаладағы 4 сауда кешенінде орнатылған камераларды орталықтандырылған ақпараттық жүйеге қосу туралы шешім қабылдады. Мамандар «пилоттық жоба жұмыс күшінің жеткіліктілігі мен құрылыстың сапалы жүргізілуін тексеруге мүмкіндік береді», - дейді.
Қала аумағында 8 гектар жерді алып жатқан алып базарға 180 бейнекамера орнатылған. Бұдан былай заманауи құрал орталықтандырылған ақпараттық жүйеге қосылмақ. Нәтижесінде тиісті ведомство өкілдері базарды жаңғыртуды нақты уақыт режимінде қадағалайтын болады.
- Барлығы цветной 24 сағат жазып тұрады. Мына жақта көкөніс павильоны, ет павильоны көрініп тұрады. Барлығын қарап отырамыз.
- Жазба қанша уақыт сақталады?
- Жазба екі ай сақталады.
Әмбебап базарда 2021 жылдан бері жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард 700 миллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. «Құрылыс аяқталса сауда орындарының қасбеті сәулет талаптарына сәйкестендіріліп, тұтынушыларға қолайлы жағдай жасалады», - дейді базар басшылығы.
Әділ Оңласбеков, базар басшысының орынбасары:
- 2021 жылдан бастап жаңғырту аясында жаңадан ғимараттар салып келе жатырмыз. Жылына 2500-3000 шаршы метр ғимарат саламыз. Келесі жылға дейін, Құдай қаласа, бітіреміз деп отырмыз. Жылын созып бергені бізге ыңғайлы болып тұр. Сол себептен өз қаражатымызға салып жатырмыз.
Қалада орналасқан әмбебап және мамандандырылған 19 сауда кешені жаңғыртуға жататын базарлардың тізіміне енген. Оның 15-іне бұған дейін күрделі жөндеу толық жүргізілсе, биыл қалған 4 базарда құрылыс аяқталуға тиіс. Ал әзірге бұл орындарда өрт қауіпсіздігі ережелері мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақтала бермейді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Қара базардағы заңсыз сауда орындары қала көркін қашырып тұр. Бейберекетсіздіктің салдарынан базарға апаратын көшеге көліктердің кіріп-шығуы тұрмақ, жаяу адам аяқ алып жүре алмайды. Ендігі жерде салаға жауаптылар әлеуметтік сауда қатарларын құрып, көлеңкелі бизнеске шектеу қоймақ.
Ол үшін тиісті ведомство өкілдеріне жаңғыртуға бағытталған құрылысты қолдау туралы өтініш хат жолданды. Мамандар «заң тетіктерін қайта қарау арқылы жобаны сапалы аяқтауға мүмкіндік туады, жабайы сауданың да жолы кесіледі», - дейді.
Үсен Исаев, қалалық кәсіпкерлік және ИИДБ басшысының орынбасары:
- Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында жеңілдетілген несие беру модернизацияға қатысты қаржы кредит болатын болса сондайға қолдау көрсету деп ұсынғанбыз. Олардың тарапынан да Парламентке ұсынылған. Депуттаттардың қарауында заңның ережелеріне ұсыныс енгізу бойынша. Енді қолдау табады деген үміттеміз.
Әкімдіктің жанында арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар заңсыз сауда-саттық мәселесін қадағалап, базар аумағын күтіп ұстауды бақылайды. Алайда мамандар көлеңкелі кәсіппен айналысушыларға ескерту жасаумен ғана шектеліп келеді. Арыз түссе, әкімшілік айыппұл салуға қаулы қабылданатынын айтады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов