«Қазақстан-Башқұртстан» форумында не туралы айтылды?
Бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстан-Башқұртстан» халықаралық форумы аясында «Даму үшін әріптестік: Қазақстан мен Башқұртстанның бірлескен экономикалық дамуы» тақырыбында пленарлық сессия өтті.
Бұл кездесу шағын және орта бизнесті нығайтуға бағытталған стратегиялық пікірталастардың негізгі алаңы ретінде ерекшеленді.
Пленарлық сессияның спикерлері - Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Р.Бектұров, БР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі И.Фазрахманов, БР Кәсіпкерлік және туризм министрі Ф.Афзалов, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасының орынбасары М.Амрин және Қазақстан Даму Банкінің Басқарма төрағасы М. Елибаев.
Сессия барысында сарапшылар кәсіпкерлікті қолдау шараларын, соның ішінде қаржылық шараларды, салықтық жеңілдіктерді, сондай-ақ кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға арналған білім беру бағдарламаларын талқылады. Бизнес-процестерді цифрландыруға, экспорттық қызметті күшейтуге және бірлескен кәсіпорындар құруға ерекше назар аударылды.
АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров бизнес-форумға қатысушыларға құнды диалог пен жемісті ынтымақтастық үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, соңғы жылдары АХҚО, оның инфрақұрылымы мен құқықтық базасын құру бойынша үлкен жұмыс атқарылды.
«Біздің бүгінгі күш-жігеріміз болашақта тығыз және өнімді байланыстарға әкелетініне сенімдіміз. Қаржы орталығы платформасы арқылы іске қосылған сәттен бастап Қазақстан экономикасына 10,9 млрд доллар инвестиция тартылды», - деді Р.Бектұров.
Башқұртстан Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ильшата Фазрахмановтың айтуынша, Башқұртстанның кәсіпорындары бүгінде әлемнің 40 елінде өнім сатуда.
«Дәстүрлі түрде Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, онымен сыртқы сауда айналымы шамамен 200 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін құрайды. Қазақстанға экспорттың үлесі 12 % құрайды. Ең алдымен бұл дәнді және майлы дақылдар. 2023 жылы Қазақстанға астық және майлы дақылдар экспортының 67 мың тоннасы немесе 57 пайызы жөнелтілді», - деді И.Фазрахманов.
Бизнес-форумның пленарлық отырысы барысында ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары, оның ішінде жоғары технологиялық секторларға, жасыл экономикаға және инновациялық жобаларға инвестиция тарту да талқыланды.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі