Қазақ-тәжік саудасы $1 млрд-тан асты
Қазақстан мен Тәжікстанның өзара сауда айналымы кейінгі жылдары тұрақты түрде 1 млрд доллардан асады, деп хабарлайды 24KZ.
Экономикалық және инвестициялық іс-қимылды одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Бұл жайында Премьер-министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Тәжікстанға ресми сапары кезінде айтылды. Еліміздің сыртқы саяси ведомство жетекшісін бүгін Тәжікстан Президенті қабылдады. Эмомали Рахмон екі елдің екіжақты форматта да, халықаралық өңірлік ұйымдар шеңберінде де өзара іс-қимылының нәтижелі сипатын атап өтті. Қазақ-тәжік қарым-қатынасы қазір одақтастық бағытта дамып жатыр. Осы ретте тәжік басшысы әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілегі мен сәлемін жеткізді. Ал Мұрат Нұртілеу Мемлекет басшысының Тәжікстанмен одақтастықты тереңдетуге ниетті екенін атап өтті. Басқосу барысында сауда, энергетика, цифрландыру, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларындағы табысты ынтымақтастық жайы талқыланды. Өңіраралық ықпалдастық пен мәдени гуманитарлық байланыс та назардан тыс қалмай, түрлі салаларда бірлескен жобаларды іске асыру мәселесіне баса мән берілді.