Ванкуверде еліміздің Құрметті консулдығы ашылды
Канаданың Ванкувер қаласында еліміздің Құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл – екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында жүзеге асырылып отырған шара. Қазір Ванкуверден бөлек, Канаданың Саскачеван және Альберта провинцияларында Құрметті консулдықтарымыз бар.
Ванкувер қаласы Британиялық Колумбия провинциясының оңтүстік-батысында орналасқан. Бұл – Солтүстік Америкадағы 2,5 млн-ға жуық халқы бар ірі өнеркәсіп орталығы әрі ең ірі теңіз порты. Шаһар экономикасының негізгі салаларын көлік, қайта өңдеу, логистика, қаржы, сақтандыру, білім беру және демалыс секторы құрайды. Сондықтан еліміздің Құрметті консулдығы осы қалада ашылуы орынды. Құрметті консул қызметіне канадалық «Arras Minerals» тау-кен компаниясының басшысы Даррен Клинк тағайындалды.
Даррен Клинк, ҚР-ның Ванкувер қаласындағы Құрметті консулы:
- Ванкувер – Канададағы ең ірі қалалардың бірі. Ол жер аумағы бойынша үшінші орынды иеленеді. Мемлекеттің Тынық мұхитына қақпасы – бүкіл Солтүстік Америка үшін аса маңызды порт. Сондықтан Ванкуверде Қазақстанның Құрметті консулы болып тағайындалуым – мен үшін үлкен мәртебе. Британиялық Колумбия аймағының Қазақстан мен Канада арасындағы сауда байланыстарын одан әрі дамытып, түрлі салаға инвестиция тартуға және саяси қарым-қатынасты күшейтуге мүмкіндігі мол.
Өкілдіктің ашылу рәсіміне Қазақстан Елшісі Дәулетбек Құсайынов, Британиялық Колумбия провинциясының Сауда министрі Джагруп Брар, дипломатиялық корпус өкілдері, сарапшылар мен бизнес өкілдері қатысты.
Джагрип Брар, Британиялық Колумбия провинциясының сауда министрі:
- Қазақстан мен Британиялық Колумбия провинциясының көп ұқсастығы бар, әсіресе екі тарап та табиғи ресурстарға бай. Бізде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Біздің департамент осы жерде орналасқан. Мен екі ел арасындағы сауда байланысы мен инвестиция саласын нығайтып, ары қарай дамыту үшін осы кеңсемен тығыз жұмыс ісеуге дайынмын.
Елші Дәулетбек Құсайынов Құрметті консулдық Қазақстан мен Канаданың саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті. Жергілікті билік өкілдері өз кезегінде елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды қолдайтынын жеткізді.
Авторы: Айжан Сыдықова.